Тоқаев пен Мирзиёев Түркістандағы жаңа мешітке барды
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев Түркістандағы жаңа мешітті аралады.
Мемлекет басшылары Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы бауырластық пен рухани ынтымақтастықтың символына айналған жаңа мешіттің сәулетімен танысты.
Президенттердің қатысуымен орталық намаз залында Құран аяттары оқылды.
Мешіт Өзбекстан президентінің Түркістан тұрғындары мен барша қазақстандықтарға жасаған сыйы ретінде салынған.
Ғимараттың архитектурасында исламдық сәулет өнерінің дәстүрлері мен заманауи құрылыс технологиялары үйлесім тапқан. Мешіттің қасбеті мен ішкі кеңістігі ұлттық ою-өрнектермен және мұсылман каллиграфиясының элементтерімен безендірілген.

Минареттерінің биіктігі – 61 метр.
Мешіт заманауи инженерлік инфрақұрылыммен толық жабдықталған. Аумағында көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, жарықтандыру жүйелері орнатылған. Сонымен қатар демалыс аймақтары мен субұрқақтар салынған.
Айта кетейік, 15 мамыр күні Президент Тоқаев Түркістанға Organization of Turkic States ұйымының бейресми саммитіне қатысу үшін барған болатын.