Атамбаев екі қылмыстық іс бойынша ақталды
Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев 2016 жылы шетел азаматтарына заңсыз паспорт беру және Бішкектегі мектеп құрылысы кезінде қаржы жымқыру ісіне қатысы бар деген күдікке ілінген еді.
Бішкектің Первомай аудандық соты Алмазбек Атамбаевты мектеп құрылысы кезінде қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану және шетелдіктерге заңсыз паспорт беру туралы қылмыстық істер бойынша ақтау үкімін шығарды.
Соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, «айыптаудың барлық эпизодтары бойынша қылмыс құрамында Атамбаевтың қатысы болмағандықтан» оған қатысты ақтау үкімі қабылданған.
Тергеу қорытындысына сәйкес, 2014 жылы Бішкек мэрі болған Кубанычбек Кулматов Қытай компаниясы облыстарда екі мектеп салуға бөлген 2 миллион доллар грантты Бішкек қаласында мектеп құрылысына бағыттаған.
Мәлімет бойынша, 660 орындық мектеп құрылысына 2 миллион доллар грант қаражаты және бюджеттен 114 миллион сом (1,6 миллион доллар) жұмсалған. 2019 жылы Кулматов осы іс бойынша 5 миллион сом (72 мың доллар) көлемінде айыппұл төлеген.
Тергеу органдары бұл құрылысты Атамбаев мақұлдаған деп күдіктенген. Сонымен қатар бұрынғы президент 2016 жылы шетел азаматтарына заңсыз паспорт беру ісі бойынша да күдікке ілінген еді.
Алмазбек Атамбаев 2011 жылдан 2017 жылға дейін Қырғызстан президенті қызметін атқарған.
2020 жылы Алмазбек Атамбаев криминалдық авторитет Азиз Батукаевты заңсыз босатуға байланысты жемқорлық ісі бойынша 11 жыл 2 айға бас бостандығынан айырылған болатын.