Мәдениет арқылы қоғамдық келісімге бастар жол: Вице-министрдің өңірдегі сапары
Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов Қызылорда облысына жасаған жұмыс сапары барысында өңірдегі мәдени даму мәселелеріне ерекше көңіл бөлді.
Сапар аясында ол жергілікті тұрғындармен ашық форматтағы кездесу өткізіп, халықтың көкейінде жүрген өзекті мәселелерді тыңдады. Кездесу барысында мәдениет саласын жетілдіру, инфрақұрылымдық қолдау, кадр мәселесі және өңірлік жобаларды жүзеге асыру жолдары талқыланды.
Сонымен қатар вице-министр азаматтарды жеке қабылдауды ұйымдастырып, әрбір тұрғынға өз сұрағын тікелей жолдап, нақты жауап алуға мүмкіндік берілді. Мұндай формат тұрғындардың билік өкілдерімен ашық диалог орнатуына жол ашып, сенімді қарым-қатынас орнатуға сеп болды.
Сапар шеңберінде Айбек Сыдықов өңірдегі маңызды мәдени нысандарды аралады. Ол “Анаға тағзым” мемориалдық кешені мен Қызылорда облыстық өлкетану музейіне арнайы барып, олардың жұмысымен танысты. Сонымен қатар аудандық деңгейде қызмет атқаратын «Руханият орталығы» мәдени мекемесіне де назар аударды. Бұл орталықтарда жалпыұлттық рух пен бірлікті көтеру, тарихи-мәдени мұраларды сақтап, келер ұрпаққа жеткізу жолында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.
Вице-министр мәдени нысандардың материалдық-техникалық базасына, қызмет көрсету сапасына, көрме залдарының мазмұндық байлығына және кадрлардың кәсіби даярлығына оң баға берді. Айтуынша, өңірдегі мәдениет саласына қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету деңгейі жақсы көрсеткіште, бұл өз кезегінде тұрғындардың рухани сұраныстарын қанағаттандыруға мүмкіндік береді.
Сапар соңында Айбек Сыдықов өңір мәдениетінің дамуына үлес қосып жүрген сала мамандарына ризашылығын білдіріп, алдағы уақытта да мәдени мұраны сақтау, дәріптеу және жаңа буынға жеткізу бағытындағы жұмысты күшейтуді тапсырды.
Қызылорда облысына жасалған бұл сапар – тек ресми кездесу ғана емес, мәдениет саласын терең талдап, қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған маңызды бастама болды. Вице-министрдің нысандарды аралап, халықпен ашық сұхбат жүргізуі мәдениет саласындағы жүйелі жұмыстарды жандандыруға серпін бермек. Мұндай кездесулер алдағы уақытта да жиі ұйымдастырылып, аймақтардағы мәдени өрлеуге жол ашары сөзсіз.