Дадебай «Әділет» партиясын басқаруы мүмкін
5 мамырда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз әкімшілігінің басшысын ауыстырды.
Мемлекет басшысының жарлығымен Айбек Дадебай Президент әкімшілігінің жетекшісі қызметінен босатылып, басқа лауазымға ауысқаны хабарланды. Оның орнына премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр тағайындалды.
Саясаттанушы Данияр Әшімбаев атап өткендей, Скляр президент әкімшілігін басқарған алғашқы славян емес. 1990 жылдың сәуір-мамыр айларында президент канцеляриясын президенттің орынбасары Сергей Терещенко басқарған. Ал 1998 жылдың қаңтар-ақпан айларында Президент әкімшілігі жетекшісінің міндетін Владимир Шепель атқарған.
5 мамыр күні түстен кейін президенттің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров Тоқаевтың Айбек Дадебайға алғыс айтып, оның Президент әкімшілігіндегі қызметіне жоғары баға бергенін мәлімдеді. Сондай-ақ Қазақстанда ауқымды саяси науқан өтетінін айтып, Дадебайдың қоғамдық-саяси жұмыспен айналысатынын жеткізді.
Ал 16 сәуірде «Әділет» партиясының ұйымдастыру комитеті жаңа саяси партия құру ниеті туралы бастапқы құжаттарды Әділет министрлігіне тапсырған болатын. Ал 7 мамыр күні «президенттің стратегиялық бағытының институционалдық тірегі» ретінде сипатталған партияның құрылтай съезі өтпек.
Осыған байланысты Айбек Дадебай жаңа центристік бағыттағы «Әділет» партиясының төрағасы болуы мүмкін деген болжам айтылып жатыр.
Сарапшылардың пікірінше, егер бұл болжам расталса, Дадебайдың келуі жаңа қоғамдық бірлестіктің саяси салмағын арттырып, оның ықпалын күшейте түсуі ықтимал.
Енді партияның құрылтай съезін күту ғана қалды.