Қоғам

Көк-Жайлауда Almaty Superski курорты салынады

Алматының көркіне айналған Іле Алатауының баурайы алдағы жылдары халықаралық деңгейдегі тау туризмінің жаңа орталығына айналуы мүмкін. Көкжайлау шатқалында жүзеге асырылуы жоспарланған Almaty Superski жобасы бойынша өткен қоғамдық тыңдау қаланың болашағына бейжай қарамайтын жандарды бір алаңға жинады. Сарапшылардың айтуынша, бұл жоба Алматының туристік әлеуетін жаңа деңгейге көтеріп, қаланың халықаралық беделін арттыруға мүмкіндік береді.

Көк Жайлау

Іле Алатауының баурайында заманауи тау инфрақұрылымын қалыптастыру тек туризмді дамытып қана қоймайды, сонымен қатар жаңа жұмыс орындарын ашуға, кәсіпкерлікті жандандыруға және өңір экономикасын көтеруге серпін береді.

Қоғамдық тыңдау барысында жобаның экологиялық жауапкершілік қағидаттарына сай әзірленгені айтылды. Жоба авторлары табиғи ландшафтты сақтай отырып, халықаралық стандарттарға негізделген тұрақты туризм моделін қалыптастыру көзделіп отырғанын атап өтті.

Бүгінде әлемнің көптеген елі тау туризмін экономиканың маңызды драйверіне айналдырып отыр. Мамандардың пікірінше, Алматының табиғи мүмкіндігі мен климаттық ерекшелігі оны Орталық Азиядағы жетекші туристік орталықтардың біріне айналдыруға толық қауқарлы. Іс-шараға қатысушылардың айтуынша, бұл жобаның жүзеге асуы Қазақстанның заманауи инвестициялар үшін ашық ел екенін көрсетіп, туристік инфрақұрылымды әлемдік деңгейде дамытуға дайын екенін дәлелдеуі мүмкін.

Көпсатылы зерттеу мен сараптамалық бағалау нәтижесінде мамандар Көкжайлау-Құмбел аумағын тау туризмін дамыту үшін ең қолайлы орын ретінде таңдаған.

Көкжайлауға барлық адам бара алуы тиіс

Almaty Superski жобасын ұйымдастырушы Kazakh Tourism Development Ltd компаниясының бас атқарушы директоры Ержан Мәлікұлының айтуынша, бұл аумақ биіктік деңгейі бойынша қолайлы, жол салуға ыңғайлы, климаты жайлы. Бұдан 50 жыл бұрын-ақ Көкжайлау аумағы тау-шаңғы курортын салуға қолайлы орын ретінде таңдалған. Көпжылдық зерттеулердің нәтижелері де дәл осы өңірдің аталған саланы дамытуға ең оңтайлы екендігін көрсетіп отыр.

Ержан Мәлікұлы
Ержан Мәлікұлы, Фото: Alenassemov

«Алматының таулары – қала тұрғындарының ортақ игілігі. Almaty Superski жобасын әзірлеу барысында біз белсенді азаматтардың пікірін зерттедік, әлеуметтік желілердегі пікірлерді оқыдық, бейнеүндеулермен таныстық, бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланымдарды талдадық. Осы айтылған пікірлердің барлығы ескеріліп, конструктивті ұсыныстар жобалық шешімдерге енгізілді», – деді Ержан Мәлікұлы.

Жобаға сәйкес, болашақ тау курортының аумағы 1002 гектар. Бұл Іле-Алатауы ұлттық паркінің жалпы территориясының 0,5 пайызынан аз бөлігі. Жоспарда 17 аспалы көтергіш пен шамамен 60 шақырымға созылатын тау шаңғысы жолдарын салу қарастырылған.

«Жоба аясында салынатын тау курортының аумағы 20 гектардан аспайды. Курорт тәулігіне 10-15 мың адамды қабылдай алады. Бұл көрсеткіш бірден емес, инфрақұрылым толық дамығаннан кейін жүзеге асады деп жоспарланып отыр. Ең бастысы, жолақтар балаларға және шаңғы тебуді енді үйреніп жүрген адамдарға ыңғайлы етіп жасалады», – деді Ержан Мәлікұлы.

Жоба авторлары тауға шығуды баршаға қолжетімді етуді басты мақсаттардың бірі ретінде атап өтті. Әсіресе қарт адамдарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға және балалы отбасыларға қолайлы жағдай жасауға ерекше мән берілмек. Қазір тауға апарар жол ашық болғанымен, табиғаттың көркін тамашалауға көп адамның физикалық мүмкіндігі жете бермейді.

Ержан Мәлікұлы өз баяндамасында қауіпсіздік мәселесіне ерекше назар аударды. Оның айтуынша, қазіргі таңда туристердің басым бөлігі тауға арнайы белгіленген маршруттарды сақтамай, байланыс құралдарынсыз шығады. Соның салдарынан жыл сайын туристер адасып, жарақат алып, қайғылы оқиғалар тіркеліп жатады. Мәселен, өткен жылы Алматыда құтқарушылар 400-ден астам құтқару жұмысына қатысып, 600-ден астам адамды құтқарған.

Көк Жайлау
Фото: alenassemov

 

Жоба толық зерттелген

Бүгінде қала тұрғындары мен қонақтары жиі тауға шығуды әдетке айналдырған. Әр демалыс сайын мыңдаған адам тауға шығап, таза ауамен тыныстағысы келеді. Әлбетте, бұл – жақсы бастама. Дегенмен оның да табиғатқа келтіретін зияны шаш етектен. Адамдар тауға шыққанда өздеріне ыңғайлы жерлермен жүріп, ретсіз жол соғып алады. Соның салдарынан тау беткейлері бүлініп, қоқыс жиналып, өсімдіктер тапталады. Сол үшін де сарапшылар бақылаусыз туризм табиғатқа ұйымдастырылған туризмнен әлдеқайда көп зиян келтіретінін айтады.

Бұл мәселеде Еуропаны мысалға келтіруге болады. Еуроодақтағы экологиялық талаптар әлемдегі ең қатаң талаптардың бірі болғанымен, Альпі тауларында 1100-ден астам тау және шаңғы курорты жұмыс істейді. Австрия, Швейцария және Франция тауларды керісінше табиғатқа әсерді азайтатын заманауи инфрақұрылым қалыптастырған.

Мамандар бұл курорттардың көпшілігі әлі күнге дейін жаңартылып, заманауи экологиялық стандарттарға сай дамып жатқанын айтты. Қазір жаңа аспалы жолдар салынып, трассалар жаңартылып, экологиялық мониторинг, жерді қалпына келтіру, су тазарту және туристер санын басқару жүйелері енгізіліп жатыр.

Сондықтан жобаға кеңесші ретінде Альпі тауларында жұмыс тәжірибесі бар еуропалық компаниялар шақырылған. Жобаға қазақстандық ғылыми институттар, экологтар, гидрологтар, топырақтанушылар, зоологтар мен археологтар да қатысып жатыр. Қазір мамандар зерттеу жұмыстарын жүргізіп, қауіптерді бағалап, жергілікті экожүйенің ерекшеліктерін зерттеуде.

Жобаға салынатын инвестиция өзін толық ақтайды

Алматыдағы Almaty Superski тау курорты жобасына қатысты өткен тыңдауда қоғам қайраткері Мұхтар Тайжан бұл бастаманың ел экономикасы мен туризмін дамытуда маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Оның пікірінше, жобаға салынатын инвестиция өзін толық ақтайды.

«Егер инвестиция көлемі шамамен 1 миллиард еуро болса, жоба 3–5 жылдың ішінде өзін-өзі өтей алады», – деді ол.

Сонымен қатар ол жобаның әлеуметтік әсеріне ерекше тоқталды. Мұхтар Тайжанның айтуынша, курортты элиталық деңгейге көтеру қажет, өйткені бұл жоғары табысты туристерді тартуға мүмкіндік береді және нәтижесінде жұмыс орындары көбейеді.

«Егер бұл курорт Куршевельден де қымбат әрі сапалы болса, мұнда ауқатты туристер келеді. Соның есебінен 20 мыңға дейін жұмыс орны ашылуы мүмкін. Туристерден түсетін жоғары табыс арқылы көпбалалы отбасыларға, ардагерлерге және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолдау көрсетуге мүмкіндік туады», – деді ол.

Бұдан бөлек, ол тау туризмін дамыту арқылы мектеп оқушыларына арналған тегін қысқы спорт үйірмелерін ұйымдастыруға болатынын айтты. Айтуынша, қазақстандық балалар Австрия мен Швейцариядағыдай шаңғы тебуді тегін үйрене алады.

Көк Жайлау
Фото: alenassemov

 

Almaty Superski тау курортының іске қосылуы Шымбұлаққа түсетін жүктемені азайтады

Іле Алатауы ұлттық паркінің бас директоры Елнұр Ахметовтің айтуынша, Шымбұлақ тау-шаңғы курортына жыл сайын шамамен 1,5 миллионға дейін турист келеді. Бұл көрсеткіштің өсуі Медеу-Шымбұлақ бағытына түсетін көлік жүктемесін арттырып, инфрақұрылымның жұмысына және туристердің жалпы тәжірибесіне кері әсер етуі мүмкін.

2025 жылы Іле Алатауы ұлттық паркіне 945 993 адам келген, ал биылғы жылдың алғашқы бес айында-ақ келушілер саны 450 мыңнан асқан.

Елнұр Ахметовтің айтуынша, Almaty Superski тау курортының іске қосылуы Шымбұлаққа түсетін жүктемені азайтады. Қазіргі таңда ұлттық парк пен Kazakh Tourism Development компаниясы арасында келісім аясында бірқатар жобалық жұмыстар жүргізілуде. Дегенмен кей бағыттар, соның ішінде орман-патологиялық зерттеулер әлі толық аяқталмаған.

«Барлық жұмыс бақылауда. Кез келген жоба ұлттық парк әкімшілігімен келісіліп, бекітілген тәртіпке сай жүргізіледі», – деді ол.

Ұлттық парк басшысы кез келген инфрақұрылымдық бастама табиғатты қорғау талаптарын қатаң сақтай отырып іске асуы тиіс екенін атап өтті.

Жоба аумағындағы жерлер Іле-Алатауы ұлттық паркінің құрамында қалады

Жоба аумағындағы жерлер ерекше қорғалатын табиғи аумақ мәртебесін сақтайды және басқа ұйымдарға, жекенің қолына берілмейді. Сондай-ақ жоба аясында жеке коттедждер, виллалар немесе қоршаулар салынбайтыны.

Almaty Superski тау-шаңғы курортының бас жоспар құжатын Андоррада орналасқан халықаралық Pas Grau International (PGI) компаниясы әзірлеген. 1957 жылдан бері жұмыс істейтін бұл компания әлемнің 120-дан астам жобасына қатысқан.

Kazakh Tourism Development кеңесі 2025 жылдың қыркүйегінде бұл жоспарды премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен отырыста бекітті. Құжат кейінгі техникалық-экономикалық негіздеме мен жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеуге негіз болады.

Жобаны жүзеге асыруға жауапты ретінде «Бәйтерек» ұлттық холдингі белгіленген. Қаржыландыруды оның еншілес құрылымы – Қазақстанның Даму банкі қамтамасыз етеді.

Жобаның нақты құны әзірге белгісіз. Ол барлық инженерлік және экологиялық зерттеулер аяқталғаннан кейін есептелмек. Ержан Мәлікұлының айтуынша, 10 жыл бұрын бұл жоба шамамен 430-440 млн доллар деп бағаланған, алайда инфляцияны ескергенде қазіргі құны бұдан әлдеқайда жоғары болмақ.

Курортты іске қосу 2028 жылдың соңы немесе 2029 жылдың басына жоспарланып отыр. Билік өкілдері бұл жоба Алматыны қысқы және экологиялық туризм орталығы ретінде нығайтып, шамамен 5 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретінін айтуда.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз