Ұлттық домбыра күні – бірлікті бекемдейтін рухани діңгек: Қызылордада сазды кеш өтті
Қазақ елінде бейбітшілік пен келісімнің өзіндік үлгісіне айналған жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделі – татулық пен өзара сыйластықты басты құндылық ретінде ұстанады.
Осы тұғырлы ұстаным ел ішіндегі мәдени мұраны дәріптеуге, ұлттық болмысты сақтауға және ұрпақ санасына дарытуға негіз болуда. Соның жарқын дәлелі – жыл сайын шілденің алғашқы жексенбісінде тойланатын Ұлттық домбыра күні, бұл – тек күй мен жырдың мерекесі ғана емес, бүкіл халықты біріктіретін ұлы рухани оқиға.
Бұл мереке 2018 жылдан бері елімізде кеңінен аталып келеді. Сыр өңірінде де бұл айтулы күн әр жылы ерекше мазмұнмен ұйымдастырылады. Биыл да дәстүр сабақтастығы үзілмей, Қызылорда қаласының тұрғындары мен қонақтары «Домбыра – дастан» атты сазды кешке жиналып, ұлттық аспаптың әуезді үніне сусындады.
Күй күмбірлеп, жыр төгілген рухани кешке зиялы қауым өкілдері, мәдениет саласының ардагерлері мен жастар қатысты. Шарада облыс әкімінің орынбасары Сұлтан Мақашұлы Байманов сөз сөйлеп, өнер мен мәдениетке сүбелі үлес қосып жүрген бірқатар азаматтарды облыс әкімінің Алғыс хатымен марапаттады.
Кеш барысында «Мәдениет саласының үздігі» Самат Аблаев жетекшілік ететін Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрі көрерменге әсем де әсерлі өнер тарту етті. Халықтық музыкамен әрленген бұл кеш көпшілікке рухани ләззат сыйлады.
Мерекелік шараның мәртебесін «Құрмет» орденінің иегері, академик, күйші-композитор Талғат Тоқжанов, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, күйші Әбілқайыр Әбсадықов, «Құрмет» орденінің иегері Үміт Медеуова, «Мәдениет саласының үздігі» Асылхан Шағдатов және түрлі байқаулардың лауреаттары одан әрі асқақтата түсті. Сонымен қатар “Сыр толқыны” II республикалық күйшілер конкурсының конкурсанттары өнер көрсетіп, көрерменнің зор қошеметіне ие болды.
Ұлттық домбыра күні – бұл ұлт руханиятының, мәдениетінің, дәстүрінің өміршеңдігін дәлелдейтін ерекше күн. Бұл мереке тек бір күнмен шектеліп қалмай, бірнеше күнге созылып, халық арасында кеңінен насихатталса, елдік пен бірліктің, мәдени байлыққа деген құрметтің шынайы көрінісі болмақ. Мұндай мерекелер Қазақстанның бірегей жалпыұлттық бірлігінің қазақстандық моделін нығайтуға, ел ішіндегі татулық пен ынтымақтастықты тереңдетуге ықпал етеді. Түрлі ұлт пен ұлыс өкілдері мекендеген елімізде мәдени мұраға деген ортақ құрмет – барша азаматты жақындастыратын күшке айналуда. Домбыра мерекесі – ел ішіндегі этностарды ортақ құндылықтарға ұйыстыратын, ұлттық бірегейлікті дәріптейтін рухани көпір.
Сыр елінде өткен бұл думанды кеш — халқымыздың өнерге, бірлікке, рухани жаңғыруға деген адалдығының айғағы. Домбыра үні – баба үні. Оны ұлықтау арқылы біз ұлттық кодты сақтап, жастарға рухани сабақ беріп келеміз. Осындай шаралар татулық пен бірлікті нығайтуға, этносаралық келісімді бекемдеуге, ортақ құндылықтарды ардақтауға қызмет ете береді.