Өңір

Қазақстанда 563 мың гектардан астам ауыл шаруашылығы жері мемлекетке қайтарылды

Серік Жұманғариннің төрағалығымен Жер ресурстарын ұтымды пайдалануын бақылау жөніндегі республикалық комиссияның кезекті отырысы өтті.

Жер

Жиында пайдаланылмай жатқан және заңсыз берілген ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару жұмыстарының нәтижелері қаралды.

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі мәліметінше, мемлекетке қайтарылған жерлерді қайтадан ауыл шаруашылығы айналымына енгізу және халықты жайылымдық жермен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударылып отыр.

Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында 2026 жылдың ортасына дейін жерлерді кезең-кезеңімен қайта бөлу жоспары бекітілген. 2026 жылғы 20 сәуірдегі дерек бойынша жоспарланған 13,5 миллион гектар жердің 10,8 миллион гектары ауыл шаруашылығы айналымына енгізілген. Бірінші тоқсан қорытындысы бойынша жоспар 102,3 пайызға орындалды.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтановтың айтуынша, жыл басынан бері жалпы көлемі 1 миллион гектар жерді қамтыған 354 жоспардан тыс тексеру жүргізілген. Соның нәтижесінде шамамен 500 мың гектар аумақта анықталған 261 заң бұзушылық бойынша нұсқама берілген.

Бұған дейін берілген нұсқамалар негізінде 340 мың гектар ауыл шаруашылығы жерін игеру жұмыстары басталған. Сонымен қатар жалпы көлемі 357,5 мың гектар жер телімдерін мәжбүрлі түрде мемлекетке қайтару мәселесі сот арқылы қаралып жатыр.

Жалпы алғанда, қазіргі таңда мемлекет меншігіне 563 мың гектардан астам ауыл шаруашылығы алқабы қайтарылған.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз