Моңғолия Ресейге тәуелділікті азайту үшін Қазақстаннан жанармай іздеп жатыр
Моңғолия сұраныстың күрт өсуі және Ресейдегі жанармай нарығының тұрақсыздығы жағдайында мұнай өнімдерін жеткізушілер қатарын кеңейтіп жатыр.
Ұлан-Батыр Қазақстан және Беларусьпен, соның ішінде авиациялық отын жеткізу мәселесі бойынша келіссөз жүргізе бастады. Ресей әлі де Моңғолияға жанармай жеткізудегі негізгі ел болып отыр. Алайда билік бір ғана жеткізушіге тәуелді болмау үшін Қытай мен Оңтүстік Кореядан да сатып алуды арттырып жатыр. Әсіресе авиациялық отынға ерекше көңіл бөлінуде. Моңғолия алғаш рет Қытайдан 1 мың тонна авиаотынын сатып алды.
Ал Оңтүстік Кореямен айына кемінде 50 мың тонна отын жеткізу жөнінде келісімге келген. Бұған сұраныстың күрт өсуі себеп. Туристік маусым мен ауыл шаруашылығы жұмыстары қызған кезде елдегі жанармай тұтыну көлемі 2-3 есе артқан. Билік импорттағы кез келген іркіліс елде тез арада тапшылық туғызуы мүмкін деп алаңдап отыр. Соған қарамастан Ұлан-Батыр Ресейден жанармай алудан бас тартқан жоқ. 11 тамызда Моңғолия билігі Ресеймен тамыз айында жеткізілім көлемін арттыру жөнінде келісім жасалғанын хабарлады.
Шілдеде Моңғолия тамыз айына Ресей, Қытай және Оңтүстік Кореядан 266,4 мың тонна автомобиль отынын, сондай-ақ 7 мың тонна авиациялық отын жеткізуге келісімшарттар жасасқан. Ал Қазақстан мен Моңғолия арасында жылына кемінде 1 млн тонна мұнай өнімін жеткізуді көздейтін келісім бар. Енді тараптар ынтымақтастық көлемін кеңейту мәселесін талқылап жатыр.