«Балтамен қуған»: Щучинскіде екі баланың анасы қатыгездікпен өлтірілді
Ақмола облысының Щучинск қаласында 36 жастағы Әсем Шабельскаяның өліміне қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр.
Марқұмның туыстары әйелді танысы аяусыз соққыға жыққанын айтады. Марқұмның әпкесінің сөзінше, Әсем 2022 жылы күйеуінен айрылғаннан кейін ата-енесімен бірге тұрған. Ол екі баланы тәрбиелеп отырған. Біраз уақыт бұрын шипажайда ІТ маманы болып жұмыс істейтін ер адаммен танысып, араласа бастаған.
«Сіңілім шипажайдағы дүкенде жұмыс істеді. Сол жерде жұмыс істейтін ер адаммен көңіл жарастырған еді», - дейді туысы.
Айтуынша, күдікті әйелді қатты соққыға жыққан. Кейін болған жайттың ізін жасыру үшін пәтерді тазалап, тек содан кейін ғана оны ауруханаға жеткізген.
«Әсемді ауруханаға апарғанда жүрегі әлі соғып тұрған. Бірақ ол дәрігерлерге шындықты айтпай, басын соғып алды деп жеткізген. Егер болған жағдайды бірден айтқанда, дәрігерлер оны аман алып қалар ма еді», - дейді марқұмның әпкесі.
Қайғылы оқиғадан кейін Әсемнің артында 6 және 8 жастағы екі баласы қалды. Ал қылмысқа күдікті ретінде 34 жастағы ер адам қарастырылып жатыр.