Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:35

Солтүстік Қазақстанда ауылдарды су басып жатыр: әкім қайықпен тексеріс жүргізді

Су басу
Фото: ашық дереккөз

Әкім Есіл өзенінің жайылма аумағында орналасқан және жыл сайын су тасқыны болатын Заречный кентіне қайықпен барды.

Нұрмұхамбетов қазіргі жағдай бақылауда екенін айтты.

– Су тұрғын үйлерге кірген жоқ. Оқиға орнында қалалық әкімдік, құтқарушылар мен полиция қызметкерлері жұмыс істеп жатыр. Тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылған, қорғаныс бөгеттері күшейтілді. Барлығы 200 адам жұмылдырылды. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қолдау шаралары қабылданды. Барлық мамандардың жанқиярлық еңбегі үшін алғыс айтамын, – деді Нұрмұхамбетов.

Бұған дейін Ақмола облысында су тасқыны салдарынан 20-ға тарта елді мекен сыртқы байланыстан ажырағанын жаздық.  Сол кезде бірқатар ауылдарды су басты, адам өлімі тіркелді. Жергілікті билік «жағдай бақылауда» деп мәлімдегенімен, бірнеше өңірде тұрғындар үйлерінің суға кетуі мен көлік қатынасының үзілуіне шағымданды. Астрахан ауданында төтенше жағдай режимін енгізу мәселесі де қаралды. Су тасқыны салдарымен күреске облыс мамандарымен қатар, қорғаныс министрлігі мен көршілес өңірлердің техникасы тартылды.

Төтенше жағдайлар министрлігінің дерегі бойынша, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Абай облыстары бақылауда. Ақмолада 14 елді мекен қатынассыз қалды, жүзге тарта үй мен аула су астында қалды. 383 адам эвакуацияланды. Әкімдіктердің мәліметінше, жағдай тұрақтанып келеді, алайда бірқатар ауыл тұрғындары үйлеріне орала алмағанын айтты. Су басқан үйлер мен жоғалған мүліктің өтемақысы төтенше жағдай жарияланбағандықтан шектелген көмекпен ғана қамтылуы мүмкін.

Әкімдік өкілдерінің айтуынша, су тасқынының алдын алу шаралары өткен жылға қарағанда күшейтілген, алайда нақты дайындық пен жауапкершілік деңгейіне қатысты сұрақтар әлі өзекті күйінде қалған.