Ақтау-Бейнеу тасжолында түйеге соғылған көлік қарсы жолаққа шығып кетті: төрт адам қаза тапты
Ақтау-Бейнеу республикалық маңызы бар тасжолында екі автокөлік пен түйенің қатысуымен ірі жол апаты болды.
Салдарынан төрт адам қаза тауып, тағы төрт адам ауыр жарақат алды.
Қайғылы оқиға 16 қыркүйек күні сағат 20:30 шамасында Жетібай мен Шетпе елді мекендерінің арасындағы жолда болған.
Полицияның алдын ала мәліметінше, Toyota Camry жүргізушісі жол үстінде жүрген түйені қағып кеткен. Қатты соққыдан кейін көлік қарсы бағыттағы жолаққа шығып кетіп, сол жерден келе жатқан екінші Toyota Camry-мен бетпе-бет соқтығысқан.
Апат салдарынан төрт адам алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмды. Тағы төрт адам шұғыл түрде жақын маңдағы ауруханаға жеткізілген.
Оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің 345-бабының 4-бөлігі – абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережесін бұзу дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Екі көлік те арнайы тұраққа қойылып, тиісті сараптамалар тағайындалған. Полиция жол апатының барлық мән-жайын анықтап жатыр. Сонымен бірге тасжол маңында малдың қараусыз жүруіне жол берген түйенің иесі іздестірілуде.