Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:13, 27 Қыркүйек 2024

Қамауда отырған қырғыз журналисі Айке Бейшекеева халықаралық сыйлықпен марапатталды

а
Фото: Азаттық/ Замира Қожабаева

Қамауда отырған қырғыз журналисі Айке Бейшекеева халықаралық сыйлықпен марапатталды. Бұл туралы Азаттық радиосы хабарлады.

Тоғыз ай бойы тергеу изоляторында отырған Temirov LIVE жобасының журналисі Әйке Бейшекеева халықаралық Cena Gratias Tibi сыйлығының лауреаты атанды. Чехияның «People in Need» үкіметтік емес ұйымы қырғыз журналисін адам құқығын қорғау саласындағы ерлігі үшін марапаттады. Марапаттау рәсімі Прагада өтті.

Сыйлық адам құқықтарын қорғауды жақсартуға адал жастарды марапаттайды. Биыл бұл сыйлыққа 75 үміткер ұсынылды.

Әйке Бейшекеева – Temirov LIVE жобасының фактчекинг журналисті. Ол 23 жаста, Польшада білім алған. Ол осы жылдың қаңтарында Теміров LIVE және «Айт, Айт Десе» десе жобасының бұрынғы және қазіргі 11 журналистімен бірге қамауға алынды. Оларға «жаппай тәртіпсіздікке шақырды» деген айып тағылды. Әйке сотта журналистер төңкеріс жасамақ емес, олардың мемлекетке зиян келтірмейтінін, бірақ пайдалы болуы мүмкін екенін айтты.

Қыркүйектің 26-сы күні Бішкектегі сот отырысында прокурор әрбір тілшіні алты жылға бас бостандығынан айыруды, үйқамақтағы жеті қызметкерге қатысты бұлтартпау шарасын өзгертуді және оларды сот залында қамауда ұстауды сұрады. Адвокаттар прокуратураның айыптауын жоққа шығарып, журналистерді ақтауды талап етті. Халықаралық баспасөз институты мемлекеттік айыптаушылардың талаптарын сынап, айыпталушыны босатуға шақырды.

Журналистерге қатысты үкім 3 қазанда жарияланады деп күтілуде.