«Мәңгі өлмес полк»шеруі 2026 жылы Қазақстанда өте ме?
9 мамыр қарсаңында Қазақстанда «Мәңгі өлмес полк» акциясы тағы да қызу талқыланып жатыр.
Бұл бастама алғаш рет Ресейде 2012 жылы пайда болған. Оның мақсаты – Ұлы Отан соғысына қатысқан ата-бабаларды еске алу. Адамдар көшеге шығып, майдангер туыстарының портреттерін алып жүретін. Кейін акция халықаралық сипат алды.
Қазақстанда бұл қозғалыс 2013 жылдан басталды. Әр жылдары шеру Алматы, Астана, Шымкент, Петропавл сияқты қалаларда өтті.
2016 жылы акция алғаш рет жаппай форматта ұйымдастырылды. Алматыда қатысушылар Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметова ескерткіштерінен бастап жүрді. Сол кезеңде шеру Шымкентте де өтті.
2017 жылы Петропавлда, ал 2018 жылы Астанада (Тәуелсіздік алаңынан «Отан қорғаушылар» монументіне дейін) ұйымдастырылды. 2019 жылы да елордада жалғасын тапты.
Пандемияға байланысты 2020–2021 жылдары акция онлайн форматқа көшірілді. Астанада дәстүрлі көше шеруі соңғы рет 2021 жылы өтті.
2022 жылдан бастап Қазақстанда бұл акцияның форматы өзгере бастады. Мысалы, Алматыда "Мәңгі өлмес полк" атауы қолданылмайды. Оның орнына «Батырларға тағзым» деген атау енгізілді.
Сарапшылар бұл өзгерісті Қазақстанның тарихи жадыны сақтай отырып, ресейлік саяси символикадан алшақтауға ұмтылысымен байланыстырады. Әсіресе Ресейдегі акцияның Украинадағы соғыспен астасып кетуі бұл мәселеге қосымша сезімталдық берген.
Сондай-ақ Ресейде «СВОи — родные» сияқты жаңа форматтар пайда болды. Бұл жобаларда қазіргі әскери қызмет пен ата-баба ерлігі қатар көрсетіледі. Тіпті «Бессмертный полк на передовой» атты бастама да бар.
Осы жағдайлар аясында Қазақстанда акцияны бұрынғы ресейлік форматта өткізу қоғамда әртүрлі пікір туғызуы мүмкін.
2026 жылы Астанадағы «Русский дом» қазақстандықтарды акцияға онлайн қатысуға шақырды. Қатысушылар өз батырлары туралы мәлімет жүктеп, 9 мамырдағы цифрлық шеруге қосыла алады.
Ал офлайн шеру өткізу мәселесі әзірге ашық күйінде қалып отыр.
Жалпы, Қазақстанда соғысқа қатысты естелік мәдениет біртіндеп ұлттық сипатқа ие болып келеді. Яғни, мазмұны сақталғанымен, форматы мен символикасы жергілікті ерекшелікке бейімделіп жатыр.
Айта кетейік, 2026 жылы «Мәңгі щлмес полк» акциясы Ресейден бөлек Беларусь, Қырғызстан және Тәжікстанда жоспарланған.