Биліктен абақтыға дейін: кресло құмарлардың көктемі қысқа болды

Биыл мамырдың самалы шенеуніктер үшін тым салқын соғып тұр. Бірі миллиондардыжымқырғаны үшін сотталып жатса, бірі шетел асып кеткен. Халыққа үлгі боламыз дегендер бүгінде тергеу изоляторынан «жеке кабинет» ашып жатыр.
137 миллиондық қателік жасаған Қалдыбаев
Тараз қаласының бұрынғы әкім орынбасары Нұрбол Қалдыбаев 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Сот оның қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланып, құрылыс саласындағы заңбұзушылықтарға жол бергенін дәлелдеді. Қалдыбаевпен бірге жауапқа тартылған мердігер ұйымның өкілі алаяқтық жасағаны үшін 6 жылға сотталды. Тергеу барысында анықталғандай, Қалдыбаев 2022 жылдың шілдесінен 2023 жылдың қарашасына дейін Тараз әкімдігінде құрылыс пен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты бақылауда ұстаған кезде бірнеше заңбұзушылыққа жол берген. Ол «Ұлы дала» шағынауданында әлі аяқталмаған екі көпқабатты тұрғын үйді пайдалануға қабылдап, бюджеттен 1,2 миллиард теңге бөлінген нысандардың жағдайы туралы жалған актілерге қол қойған. Бұл шенеуніктің соңғы қолтаңбасы болды.Әу баста Қалдыбаевқа мүлікті жымқыру және ысырап ету айыптары тағылған еді. Бірақ тергеу барысында ол қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану баптарымен жауапқа тартылды. Қаржы мониторинг агенттігінің деректеріне сүйенсек, мемлекетке келтірілген залал 137 миллион теңгені құрады.Қалдыбаев 2023 жылдың 11 желтоқсанында, қызметінен кеткеннен кейін үш апта өткен соң ұсталған.
Байбектерге де тықыр таянды ма?
Алматы қаласының бұрынғы әкімі Бауыржан Байбектің туыстары ел арасында аты шулыұйымдасқан қылмыстық топпен байланысы бар деген күдікке ілікті. Сот деректеріне сүйенсек, Елдос Қоспаев басқарған топ 2019–2020 жылдары аралығында AV-Construction ЖШС-на тиесілі бірнеше жылжымайтын мүлікті нарықтық бағадан әлдеқайда төмен бағамен үшінші тұлғаларға сатып, компания мен оның заңды иелеріне елеулі зиян келтірген.
Сол үшінші тұлғалардың қатарында Байбектің әкесі Қыдырғали Байбектің есімі аталды. Атап айтқанда, 114,7 шаршы метрлік пәтер оған небәрі 43,5 миллион теңгеге сатылған. Бұл сома нарықтағы орташа бағадан айтарлықтай төмен. Сонымен қатардәл сол схема бойынша екі коммерциялық нысан да Қаппаров көшесінен Қыдырғали Байбек атына 50,2 және 40,4 миллион теңгеге жазылған. Сот шешіміне сәйкес, бұл әрекеттердің салдарынан AV-Construction компаниясы жалпы сомасы 65,9 миллион теңге шығынға ұшыраған. Ал Қоспаев пен оның тобы бұл келісімдерді ресми түрде бекітіп, заңды етіп көрсеткен. Байбектің ісіне 508 томдық тергеу ісі арналған.
Айтпақшы, шетелде бой тасалап жүрген Бауыржан Байбектің жақында Жапонияға «сакура гүлдеуін тамашалауға» келгені туралы ақпарат қоғамда үлкен резонанс тудырды. Қоғамнан алшақтап кеткен шенеуніктің сирек жылт етуінің өзі әлеуметтік желіде талқылауға түрткі болды.
Қаңтар оқиғасынан кейін көпшілік Байбек те жауапқа тартылар деп күтті. Алайда ол үнсіз елден кетіп, Түркия, Кипр, Германия сияқты елдерде жүргені туралы мәліметтер анда-санда шығып отырды. Кейіннен ресми органдар оның үстінен қылмыстық іс қозғалмағанын мәлімдеді. Бірақ бұл тыныштық ұзаққа созылмауы мүмкін. Байбектерге де тықыр таянып келе жатқандай.
Бәрін бүлдірген – банкир Тоқтаров
Қаржы саласында қырық құбылған істің бірі ақыры үкіммен аяқталды. Атағы айқайлап тұрған «Астана банкінің» бұрынғы басшысы ОлжасТоқтаров 10 жылға сотталды.
Сот материалдарына сәйкес, Тоқтаров банкке агенттік қызмет көрсеткен болып көрініп, ірі көлемде қаржы жымқырған. Бұған қоса, банк банкрот болуға шақ қалған кезде Алматыдағы бизнес-орталықты өзінің бақылауындағы компанияға заңсыз аударып жібергені анықталған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Данияр Биғайдаровтың айтуынша, сот үкімімен Тоқтаровтың жалпы құны 14 млрд теңгеден асатын активтері тәркіленбек. Оған жылжымайтын мүліктер, әкімшілік және өндірістік нысандар, құрылыс объектілері, жер телімдері, бағалы қағаздар мен криптовалюта үлестері кіреді.
Айта кетейік, бұл іске банктің филиалдарында, бөлімдерінде және менеджмент құрамында жұмыс істеген бірнеше адам да тартылған.09:53Дегенмен тергеуге белсенді көмек көрсеткені ескеріліп, олар бас бостандықтарынан айырылған жоқ. Қазіргі таңда Тоқтаров халықаралық іздеуде. Ол экстрадициялануы тиіс тұлғалардың тізіміне енгізілген.
Әкім емес, әлек – Сейілбеков
Қарағанды облысындағы Шет ауданына қарасты Ақшатау ауылының әкімі Нұрлан Сейілбеков ауыр айыппен қамауға алынды. Оған жергілікті 23 жастағы тұрғынды зорламақ болды деген айып тағылып отыр.Жәбірленушінің анасының айтуынша, сол күні абдыраған келіні телефон шалып, ауыл әкімі Айтолқынды (қыздың есімі өзгертілген – ред.) соққыға жыққанын хабарлаған. Кейін бойжеткен туыстарына хабарласып, көмек сұрапты.
Аталған мәлімдеме қоғамда резонанс тудырып, қарағандылық белсенді Айнұр Балакешова бұл жағдайды өз парақшасында жариялап, дабыл қақты. Қазір тергеу жүріп жатыр, ал ауыл әкімі уақытша ұстау изоляторына қамалған. Әкімдік креслосынан тергеу изоляторына мансап баспалдағымен «қисық» көтерілген Сейілбековтің ісі сотта қаралатын болады.
Осы айдың өзінде ондаған лауазымды тұлға темір тордың ар жағында отыр. Тағы қаншасының креслосы камераға ауысатыны белгісіз. Әзірге нақтысы – «төрде отырып, түрмеден бір-ақ шығу» бүгінгі күннің жаңа трендіне айналғандай.
Жангүл Есениязова