Live

«Адал азамат» тұжырымдамасы: Жолдағы тәртіп адалдықтан басталады

Қоғамдағы заң үстемдігі мен қауіпсіздік ең алдымен әр азаматтың жеке жауапкершілігі мен адалдығына байланысты.

Адал

 Бүгінде елімізде қалыптасып келе жатқан «Адал азамат» тұжырымдамасы — заңды құрметтеу, парақорлыққа қарсы тұру және әділдік қағидаларын ұстану арқылы қоғамды дамытуға бағытталған маңызды құндылықтардың бірі.

Осы бағытта Ұлытау облысы полиция департаменті жолдарда сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға арналған «Пара ұсынба!» атты кең ауқымды профилактикалық акция өткізіп жатыр.

Акцияның негізгі мақсаты — жүргізушілер арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру және жол ережесін бұзған жағдайда мәселені заңсыз жолмен шешу әрекеттеріне тосқауыл қою. Өкінішке қарай, кей азаматтар жауапкершіліктен жалтару үшін полиция қызметкеріне ақша ұсынуды қалыпты жағдай ретінде қабылдайды. Алайда бұл — заң бойынша ауыр қылмыс.

ҚР Қылмыстық кодексінің 367-бабына сәйкес, лауазымды тұлғаға пара беру ірі көлемде айыппұл салуға, мүлкін тәркілеуге немесе бас бостандығынан айыруға дейінгі жазаға әкелуі мүмкін. Заң алдында пара беруші де, алушы да бірдей жауап береді.

Полиция өкілдерінің мәліметінше, бүгінде Ұлытау облысындағы патрульдік қызметкерлер заманауи бейнетіркегіштермен толық қамтамасыз етілген. Яғни, жүргізуші мен полиция қызметкері арасындағы әрбір әңгіме үздіксіз бейне және аудио форматта жазылады. Бұл ашықтықты қамтамасыз етіп, заңсыз әрекеттердің алдын алуға мүмкіндік береді.

Тәртіп сақшылары барлық жол қозғалысына қатысушыларды заң талаптарын сақтауға шақырады. Себебі жолдағы қауіпсіздік — тек ережені орындау ғана емес, ол әр азаматтың ішкі мәдениеті мен адалдығының көрінісі.

Тегтер: Адал азамат
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз