Жазушы Жұмабай Шаштайұлы өмірден өтті
Жазушы, Қазақстан жазушылар одағы басқармасының хатшысы, халықаралық «Алаш» сыйлығы және «Парасат» орденінің иегері Жұмабай Шаштайұлы қайтыс болды, деп хабарлайды Zhasalash.kz.
Қаламгер 2024 жылы 12 наурыз күні 74 жасқа қараған шығында өмірден өтті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жазушының отбасы мен жақын туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады.
«Жұмабай Шаштайұлы қазақ әдебиетіне өзіндік қолтаңбасын қалдырып, руханиятымыздың дамуына елеулі үлес қосты. Шығармалары кеңінен насихатталып, оқырман тарапынан жоғары бағаланды. Өнегелі ғұмыр кешкен Жұмабай Шаштайұлының есімі мен жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын», – деп жазылған жеделхатта.
Жұмабай Шаштайұлы 1950 жылы Алматы облысы Жамбыл ауданы Жамбыл ауылында дүниеге келген.
1990-1992 жылдары «Қазақ тілі» қоғамы Алматы облыстық комитеті төрағасының орынбасары, 1992-1996 жылдары «Жас Алаш», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде бөлім меңгерушісі, 1996-2002 жылдары халықаралық «Заман-Қазақстан» газетінің бас редакторы қызметтерін атқарған. 2002 жылдан бастап Қазақ радиосының бас редакторы болса, 2008-2017 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінде бас редактор болып еңбек етті.
Жазушы оқырман қауымға көптеген құнды еңбегімен танымал. Оның «Қияда» атты алғашқы повесі, «Қызыл қар», «Жала мен нала» (1987), «Жыр жолбарыс (1996), «Біздің заманның Аяз биі» (1997), «Жаңғырық» сынды шығармалары оқырманға жақсы таныс.
Жазушыны ақтық сапарға шығарып салу рәсімі ертең, 13 наурыз күні, сағат 10:00 де, Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Жамбыл ауылындағы Мәдениет үйінде өтеді.