Әлеумет

Конгода Эболадан көз жұмғандар саны 82 адамға жетті

Конго Демократиялық Республикасында Эбола безгегінен қайтыс болғандар мен вирус жұқтырғандар саны күрт артты.

Эбола

Елдің Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, соңғы бір тәулікте Эболадан қайтыс болғандар саны 18 адамға көбейіп, жалпы көрсеткіш 82 адамға жеткен. Сонымен қатар ауру жұқтырғандар саны 71 жағдайға артып, 452 адамға жетті. Жаңадан тіркелген науқастардың едәуір бөлігін әйелдер құрайды.

Ведомство өкілдерінің айтуынша, көрсеткіштердің күрт өсуі тек індеттің таралуымен ғана байланысты емес. Дәрігерлер бұған дейін жету қиын болған Итури провинциясындағы аудандарға кіре алған. Бұл өңір қазіргі індет ошағы саналады.

Атап айтқанда, Угандамен шекаралас Махаги ауданында медициналық қызметкерлердің жұмысына қарулы топтардың әрекеті кедергі келтіріп келген. Енді сол аумақтарда қосымша тексерулер жүргізіліп, жаңа жағдайлар анықталған.

Конго Демократиялық Республикасы мен Уганда билігі Эболаның жаңа өршуі басталғанын 15 мамырда жариялаған болатын. Африка одағының бағалауынша, қазіргі жағдай 1976 жылдан бері тіркелген ең ірі әрі ең ауыр індет ошақтарының біріне айналып отыр.

Еске салсақ, Африкадағы бұл Эбола індеті ауқымы жағынан тарихтағы төртінші ең ірі эпидемия ретінде танылған.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз