Әлеумет

Путин Ресей армиясы қатарында соғысқан шетелдіктерді депортациялауға тыйым салды

Ресей президенті Владимир Путин Ресей Қарулы күштері құрамында келісімшартпен әскери қызмет өткерген немесе ұрыс қимылдарына қатысқан шетел азаматтарын депортациялауға тыйым салатын заңға қол қойды.

ресейлік жалдамалы сарбаздар

Құжат ресми құқықтық ақпарат порталында жарияланды.

Заң Ресей армиясында келісімшарт негізінде қызмет еткен немесе әлі де қызмет атқарып жүрген, сондай-ақ Ресей Қарулы күштері мен өзге де әскери құрамалар сапында ұрыс қимылдарына қатысқан шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарға қатысты қолданылады.

Жаңа нормаға сәйкес, мұндай адамдар депортацияланбайды. Сонымен қатар, оларға уақытша тұруға рұқсат, тұру ықтиярхаты немесе жұмыс істеуге рұқсат беруден бас тартуға болмайды. Бұған дейін берілген мұндай құжаттардың күші де жойылмайды.

Сондай-ақ заң 2022 жылғы 24 ақпаннан кейін Ресей армиясында келісімшартпен әскери қызмет атқарған шетелдіктерге қатысты қабылданған депортациялау, уақытша болу мерзімін қысқарту, көші-қон құжаттарын беруден бас тарту немесе олардың күшін жою туралы шешімдердің күшін жояды.

Бұған дейін, наурыз айында Ресей Мемлекеттік думасы келісімшарт бойынша Ресей армиясында қызмет еткен немесе ұрыс қимылдарына қатысқан шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды әкімшілік тәртіппен елден шығаруға тыйым салатын заң қабылдаған болатын. Бұл заңға сәйкес, егер әкімшілік құқық бұзушылық үшін елден шығару жазасы көзделсе, оның орнына 100-ден 200 сағатқа дейін міндетті қоғамдық жұмыс немесе айыппұл тағайындалуы мүмкін.

Украинаның мемлекеттік «Хочу жить» жобасының мәліметінше, ауқымды соғыс басталғалы бері Ресей Қорғаныс министрлігімен Орталық Азия елдерінің шамамен 13 мың азаматы келісімшартқа отырған. Бұдан бөлек, өңірден шыққан 80 мыңға жуық адам Ресейде әскери есепке қойылған.

Соңғы үш жылда Өзбекстан, Қазақстан және Қырғызстанда Украинадағы соғысқа қатысқан ондаған азаматқа қатысты айыптау үкімдері шығарылды. Олар негізінен 3 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Ал Тәжікстан мұндай соғысқа қатысқан азаматтарды қылмыстық жауапкершілікке тартпайды. Түрікменстаннан бұл мәселеге қатысты ақпарат жоқ.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз