Семейде жоғалған екі баланы іздеу жұмыстары басталды
Абай облысының полиция департаменті Семей қаласының тұрғындарына екі кәмелетке толмаған баланы іздеуге көмектесу туралы өтінішпен жүгінді.
Ведомствоның мәліметінше, 17 маусым күні сағат 20:00 шамасында 14 жастағы Рақымжан Үкіртаев пен 8 жастағы Әлихан Қайратов Семей қаласындағы Восточный кенті маңында болған. Осыдан кейін олардың қайда кеткені белгісіз.
Полиция қызметкерлері дереу іздестіру жұмыстарын ұйымдастырды. Жеке құрамға бағыттама беріліп, балалар болуы мүмкін орындар тексерілуде. Сондай-ақ аулаларды аралау және жақын маңдағы аумақтарды тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
— Абай облысының полиция департаменті қала тұрғындарынан іздестіруге көмектесуді сұрайды. Егер балалардың жүрген жері туралы немесе оларды табуға көмектесетін қандай да бір ақпарат білсеңіздер, 102 нөміріне немесе 8 (747) 310-67-30 телефонына дереу хабарласуларыңызды сұраймыз, — деп мәлімдеді Семей полициясы.
Бұған дейін Жамбыл облысында жоғалып кеткен малшының бес тәуліктен кейін табылғаны хабарланған болатын.