Арменияда русофобия күшейіп, ол Украина жолымен кетіп бара жатыр - Медведев
Ресей Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведев Арменияның Украинаның жолымен кетіп бара жатқанын айтып, елдегі русофобиялық көңіл-күйдің күшейіп жатқанын мәлімдеді.
Ол бұл туралы Санкт-Петербург халықаралық заң форумында сөйлеген сөзінде айтты. Медведевтің пікірінше, Армения, Грузия, Молдова және Украина сияқты елдер Ресейге қарсы саясатқа бет бұрып жатыр, ал НАТО оларды Мәскеуге қарсы құрал ретінде пайдаланады.
«Бұл Грузияда болды, дәл осылай Украина 2014 жылдан кейін русофобияның ошағына айналды. Өкінішке қарай, дәл осындай сценарий қазір Молдовада және өкінішке қарай, Арменияда қайталанып жатыр», - деді ол.
Медведев НАТО-ны Ресей шекарасына жақындап, серіктестік туралы ұрандарды желеу етіп, өз ықпалын кеңейтіп жатыр деп айыптады.
Өз кезегінде Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Арменияның алдағы даму бағытын таңдауы Мәскеу үшін маңызды мәселе екенін айтты. Оның сөзінше, Ресей мен Армения ғасырлар бойы көрші әрі бауырлас мемлекеттер болып келеді.
Песков Армения билігі елдің даму жолын таңдаудың алдында тұрғанын бірнеше рет мәлімдегенін атап өтіп, бұл жағдай Ресейдің ерекше назарында екенін жеткізді.