Әлеумет

1 қазаннан бастап онлайн несие рәсімдегісі келетіндер сауалнамадан өтеді

1 қазаннан бастап банктер мен микроқаржы ұйымдары кепілсіз онлайн несие немесе микрокредит рәсімдейтін клиенттерге қосымша сауалнама жүргізеді.

телефон

Қаржы ұйымдары клиенттен не үшін несие алғысы келетінін, қарыз рәсімдеуді кім ұсынғанын және несие шарттарын түсінетін-түсінбейтінін сұрайды. Сондай-ақ клиентке біреудің қысым көрсетіп жатқанына қатысты да сұрақтар қойылады. Бұдан бөлек, "банк қауіпсіздік қызметінен хабарласты" деген қоңыраулар болды ма және ақша аударуды "қауіпсіз шотқа" сұрағандар бар ма деген ақпарат нақтыланады.

Егер жауаптар күмәнді болып көрінсе, банк немесе микроқаржы ұйымы қосымша тексеру жүргізеді. Қаржы ұйымы клиентке алаяқтық қаупі туралы да ескертуі тиіс. Жаңа талаптар кепілсіз онлайн қарыздар мен микрокредиттерге қатысты қолданылады. 

Сонымен қатар 1 қазаннан бастап онлайн несие алатын азаматтарға шешім қабылдау үшін қосымша уақыт беріледі. Бұл өзгеріс асығыс несие рәсімдеудің және алаяқтық жағдайларының алдын алуға бағытталған. 589 800 теңгеден 1 002 660 теңгеге дейінгі онлайн несиеге – кемінде 8 сағат; 1 002 660 теңгеден жоғары онлайн несиеге және 294 900 теңгеден жоғары микрокредитке – кемінде 24 сағат уақыт беріледі. Осы аралықта азамат несие алудан бас тарта алады. Яғни, өтінім мақұлданғанымен, ақша бірден берілмейді.

Маңыздысы, жаңа талаптар тауарлық кредиттерге және банк бөлімшесінде рәсімделетін несиелерге қолданылмайды.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз