Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:20, 29 Қыркүйек 2025

10 млрд-тық инвестиция немесе Тараздағы жаңа зауыт

ауыл шаруашылығы
Фото: из открытых источников

Тараз қаласының индустриялық аймағында ауыл шаруашылығы техникасын шығаруға маманданған жаңа зауыттың құрылысы басталды.

 Бұл бастаманы тек Жамбыл облысы ғана емес, жалпы еліміздің агроөнеркәсіп кешені үшін айрықша маңызы бар тарихи оқиғаға баласақ болады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қолға алынған бұл жобаны Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығының тиімділігін арттыру және ауылдағы еңбек өнімділігін еселеп көтеру бағытындағы жүйелі қадамдардың жалғасына балауға әбден болады. Зауыттың іргетасын қалау рәсіміне арнайы қатысқан ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров пен Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев осы бастаманың ауыл шаруашылығы саласына тигізер ықпалы зор екенін атап өтті. Жобаның негізгі инвесторы – «Kaz FM World agriculture machinery» ЖШС, оның серіктесі Қытайдың Nuode Network Technology Co, Ltd компаниясы. Бұл серіктестік Қазақстан мен Қытай арасындағы индустриялық-инновациялық ынтымақтастықтың нақты жемісі ретінде қарастырылады. Өндірістік алаң көлемі бес гектарды қамтып, заманауи технологиялық стандарттарға сай салынбақ. Кәсіпорында ауыл шаруашылығының басты құралдарының бірі саналатын тракторлардың түрлі үлгілері, сондай-ақ әртарапты тіркеме жабдықтары шығарылатын болады.

Бұл еліміздің аграрлық саласын техникамен жабдықтаудағы импортқа тәуелділігін азайтып қана қоймай, шаруаларға қолжетімді әрі сапалы отандық өнім ұсынуға мүмкіндік бермек. Жобаның жалпы инвестициялық құны 10 млрд теңгені құрайды. Мұндай көлемдегі қаржы салымы тек жаңа өндірістік нысан тұрғызумен шектелмей, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына да тікелей әсер етеді. Зауыт іске қосылғаннан кейін жыл сайын 2 000-ға жуық ауыл шаруашылығы техникасын шығару жоспарланған. Бұл өз кезегінде ішкі нарықты қамтамасыз етіп қана қоймай, көрші елдерге экспорттауға жол ашады. Сонымен қатар жаңа кәсіпорынның құрылуы 55 тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік бермек. Жаңа жұмыс орындары ауыл тұрғындары үшін қосымша табыс көзі болып, өңірдің әлеуметтік тұрақтылығын нығайта түсетіні анық.

Өңір басшысы Ербол Қарашөкеев өз сөзінде: «Отандық машина жасауды дамыту – аграрлық сектор үшін шешуші мәнге ие. Өзімізде өндірілетін техника шаруаларымызға заманауи құрал-жабдықтарды қолжетімді етіп қана қоймай, ауыл шаруашылығының бәсекеге қабілеттілігін күшейтіп, өндірістік әлеуетін кеңейтуге жол ашады», – деп атап өтуі де осыған дәлел.

Статистикалық деректерге сүйенсек, биылғы жылдың сегіз айының қорытындысы бойынша Жамбыл облысының негізгі капиталына тартылған инвестиция көлемі 391,7 млрд теңгеге жеткен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 32,4 пайызға жоғары. Мұндай көрсеткіш өңірдің инвестициялық тартымдылығы артып келе жатқанын, ірі шетелдік және отандық инвесторлардың Жамбыл облысын сенімді серіктес ретінде таңдауда екенін көрсетеді. Алдағы үш жылда, яғни 2025–2027 жылдар аралығында облыста жалпы құны 300 млрд теңгеден асатын 20 ірі ауыл шаруашылығы жобасы жүзеге асырылмақ. Бұл бастамалар ауыл шаруашылығы өндірісін жаңғыртуға, озық технологияларды енгізуге, жаңа өндіріс орындарын ашуға және өңірдің экспорттық әлеуетін айтарлықтай арттыруға бағытталып отыр. Бұлардың ішінде мал шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, су үнемдеу технологияларын енгізу, жылыжай кешендерін салу және жем-шөп өндірісін жолға қою секілді ел экономикасына серпін беретін жобалар бар.

Жаңа зауыттың салынуы – Қазақстан үшін стратегиялық тұрғыдан аса маңызды бастама. Өйткені елімізде ауыл шаруашылығы техникасының 80 пайызға жуығы әлі күнге дейін импорт арқылы жеткізілетіні рас. Ал өзімізде өндірілетін техниканың үлесі артқан жағдайда, фермерлердің шығыны азайып, ауылдағы шаруашылық жұмыстарының өнімділігі артады. Сондай-ақ бұл қадам ауыл шаруашылығы техникасына қызмет көрсету, қосалқы бөлшектер өндірісі, логистика салаларының дамуына ықпал етіп, мультипликативті әсер береді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асып жатқан бұл бастама Қазақстанды ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын өңірлік хабқа айналдыруға бағытталған. Ал Жамбыл облысы осындай стратегиялық жобаларды жүзеге асыру арқылы ел экономикасының алдыңғы шебінен көрінуге ниетті. Демек, бүгін қаланған іргетас ертеңгі ауылдың қуатты техникасы, шаруаның сенімді серігі және Қазақстанның аграрлық болашағының берік кепілі болмақ.

С. Бақберген

Жамбыл облысы

Тегтер: