Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
17:10, 15 Наурыз 2024

15 наурызда елімізде "Қайрымдылық күніне” орай бірнеше іс-шара өтті

Қайрымдылық күні

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылдан бастап Наурыз мейрамын еліміздің барлық аймақтарында жаңа форматта өткізуді ұсынды.

 Мерекенің арнайы логотипі бекітіліп, Наурыз мерекесін 10 күн бойы тойлау жоспарланды. Ал бұл 10 күн «Наурызнама» деп аталады. Мысалы, бүгін 15 наурыз "Қайырымдылық күні". Бүгінгі күн қайырымдылыққа, адамдарды қайырымды, жомарт істерге шақыруға арналады. Қайырымдылық – адамдардың бір-біріне жанашырлық танытып, көмек қолын созу тәсілі. Еліміздегі халықтар мен ұлыстардың басын біріктіретін жанның жомарттығы.

Бүгін еліміз бойынша әр өңірде қайрымдылық күні атап өтіледі. 15 наурыз сондай-ақ мейірімділік пен бейбітшілікті насихаттайтын күн. Қайырымдылық тек материалдық көмек көрсетуде ғана емес, адамды жылы сөзбен жігерлендіріп, рухани қолдау көрсетуде де маңызды. Бұл өскелең ұрпаққа үлгі болып, олардың жанашырлық пен көмекке деген құштарлығын арттыратын игі дәстүр.

15 наурыз Қайырымдылық күні аясында әр аймақта түрлі шаралар өтті. Мысалы, өңірлерде кәсіпкерлік субъектілерінің, меценаттардың, еріктілердің және мемлекеттік органдардың өкілдерінің қатысуымен 1000-нан астам қайырымдылық акциясы жоспарланған. Астанадағы Нұржол бульварындағы KMG_Volunteers волонтерлері коммуналдық қызметкерлерді ыстық шай мен тамақпен қамтамасыз етті, содан кейін аумақты тазалауға көмектескен. Одан бөлек AITU Volunteers Astana IT University волонтерлері балалар үйінің тәрбиеленушілеріне жіптерді пайдаланып картиналар жасау бойынша шеберлік сабағын өткізді.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің қызметкерлері де қалыс қалмай, елордадағы халықтың әлеуметтік осал топтары мен тыл еңбеккерлері үшін 100-ден астам азық-түлік пакетін дайындады. Акцияға департаменттің барлық құрылымдық бөлімшелері мен ведомстволық бағынышты ұйымдары қатысты. ал Алматы қаласы мектептерінің ұстаздары мен оқушылары дәстүр бойынша қарттарды, ұстаздық еңбек ардагерлерін құттықтады. Өскемендегі волонтерлер де бұл шарадан қалыс қалмай “Қайырымдылық күні” акциясы аясында «Өскемен су арнасы» кәсіпорны ұжымы атынан 13 көп балалы отбасы мен 10 отбасына азық-түлік себеттерін табыс етті.

Ал «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры 20 мың оқушыға демалыс орындарына жолдама берді. Бұл шара еліміздегі бүкіл мектепті қамтыды. Сол үшін аталған қор 2 млрд теңгеге жуық қаржы жұмсайды. Бұдан бөлек Шымкентте де “қайрымдылық күніне” орай 200 отбасыға тегін азық-түлік таратылды.

Айта кетейік, жыл сайын ресми мәлімет бойынша елімізде кәсіпкерлердің өзі қайрымдылыққа 100 млрд теңге жұмсайды екен. Қайырымдылық жауапкершіліктің көрінісі және әлемді жақсартуға деген ұмтылыс. Мұқтаж жандарға көмектесу жалпы қоғамның дамуына әсіресе баланың дамуына әсер етеді. Еліміз президенті де қайырымдылық – адамның бала кезінен бойға сіңетін қасиет екенін, өскелең қрпақты жақсылыққа тәрбиелеу басты міндетіміз екенін айтқан болатын. Қазіргі күнде елімізде бірнеше қайрымдылық қорлары жұмыс істейді.