16 өңірдің тұрғындарын алдаған қылмыстық топтың әрекеті әшкереленді
Қаржылық мониторинг агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті интернет және телефон алаяқтығынан түскен қаражатты заңдастырумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жалғастырып жатыр.
Тергеу мәліметінше, қылмыстық топ интернет және телефон алаяқтарының құрбандарынан жымқырылған ақшаны қабылдап, оны бірнеше кезең арқылы заңдастырып отырған. Тергеу барысында топ құрамында оннан астам адамның болғаны анықталды. Қылмыстық схеманы жүзеге асыру үшін олар еліміздің әр өңірінен 150-ден астам дропперді пайдаланған.
Күдіктілер алдын ала банк қосымшалары мен криптоәмияндар орнатылған ұялы телефондарды қолданған. Соның арқасында дропперлердің банктік шоттарын қашықтан басқарып, қаржылық операцияларды олардың тікелей қатысуынсыз жүргізген.
Блокчейн-сараптама нәтижесінде қаражатты жылыстатудың толық тізбегі анықталған. Алдымен жәбірленушілердің ақшасы бірнеше транзиттік шот арқылы өткізілген. Кейін ол бақылаудағы дропперлердің есепшоттарына аударылып, одан әрі криптовалюта платформалары арқылы USDT цифрлық активіне айырбасталған. Қылмыстық әрекеттерді жасыру үшін жалған қарыз шарттары мен жалған компаниялар пайдаланылған. Соңында қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылып, шетел валютасына айырбасталған.
Қазіргі уақытта Қазақстанның 16 өңірінен 80 жәбірленуші анықталған. Алдын ала есеп бойынша келтірілген материалдық шығын 120 миллион теңгеден асады.Тергеу аясында қылмыстық топтың сегіз мүшесі қамауға алынды. Тағы екі күдіктіге қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалған.
Сот санкциясымен күдіктілерге тиесілі сегіз пәтерге, бір автокөлікке және көлемі 52 мың USDT болатын цифрлық активтерге тыйым салынды.
Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасып жатыр. Өзге мәліметтер Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жария етілмейді.