"18 күн болды": Майқайыңда іздеудегі құтқарушының әйелі президентке үндеу жолдады
Майқайыңдағы апаттан үйінді астында қалған құтқарушы Айдос Шаймерденнің әйелі Нұрсұлу Шаймерден іздеу тиімсіз жүріп жатқанына наразылығын білдіріп, президентке үндеу жолдады, деп жазды Zhasalash.kz.
"18 күннен бері қайғыдан қан жұтып отырмыз. Адам өмірі басты құндылық емес пе? Неге өзге мемлекеттерден көмек сұрамасқа? Неге техника алмасқа? Маған қазіргі таңда жүргізіліп жатқан тергеу жұмыстары маңызды да, қажет емес. Оны кейін зерттеп үлгересіздер. Маған азаматым, бес баламның әкесі, отбасы қорғаны керек. Құрметті президент, сізден осы апатқа байланысты жұмыстарды ерекше жеке бақылауыңызға алуды сұраймын" дейді Нұрсұлу Шаймерден
Павлодардағы кеніш шұңқырына құлап кеткен автобус екі апта бойы әлі шығарылмады. Нұрсұлу Шаймерден 18 күн бойыы іздеудегі жарының аман қалатынына сенімді. Ерлі-зайыптының кәмелетке толмаған бес баласы бар, ең кенжесі екі жаста.
Ал Павлодар облыстық төтенше жағдайлар департаменті әлі де тастар мен тау жыныстарын алуға жұмыс жүргізелетінін мәлімдеді.
Шағын көлемді экскаватормен шұңқырдан шамамен 850 текше метр көлемінде топырақты қайта экскавациялау жұмысы жүргізілді. Бұл екінші экскаватордың жұмыс істеу кеңістігін кеңейтуге мүмкіндік берді. 20 қаңтарда барлық қауіпсіздік ережелерін сақтай отырып, 2 бульдозердің көмегімен тік және көлденең сақтану шарасын қолдана отырып, машинистпен екінші шағын экскаватор іске қосылды. Оның көмегімен үлкен көлемді тастар мен тау жыныстары автобустың болжамды орнынан алынады, - делінген хабарламада.