Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:53, 21 Қараша 2023

20 миллионшы қазақстандық ұлытауда дүниеге келді

20
Фото: из открытых источников

2023 жыл Қазақстан Республикасы үшін ерекше жыл ретінде есте қалатын болды.

Себебі қазақстандықтардың саны 20 миллионға толды! Сүйінші жаңалықты президент ең бірінші болып өзі хабарлады. Ең қызығы, 20 миллионыншы қазақстандық атын бірдей уақытта туылған 5 нәресте алып отыр. Қазақстандықтардыңқуанышының себепшісі болған 5 сәбидің бірі Ұлытау облысында дүние есігін ашты.

Жаңалықты естіген облыс әкімдігі жас отбасыны құттықтауға асыққан. Ұлытау облысы әкімінің міндетін атқарушы Ұлантай Үсеновнәрестенің ата-анасын президенттің атынан құттықтап, естелік сыйлықтар табыс етті. Сонымен қатар атқарушы алдағы уақытта жас отбасыға қаржылық қолдау көрсетілетінін айтты. «Демография көтеріліп, адам санының артуы – облыстың дамуына үлкен үлес», – дейді Ұлантай Үсенов өз сөзінде.

«Жаңа облыста Қазақстанның 20 миллионыншы тұрғыны Томирис қызымыз дүниеге келді. Бүкіл қазақ елін, облыс халқын, Жезқазған қаласы тұрғындарын шын жүректен құттықтаймын. Томирис үлкен азаматша болып өссін. Ұлытау облысының құрылғанына бір жылдан артық уақыт енді ғана болды. Облыс құрылғаннан бері алға қойған мақсаттарымыздың бірі осы халық санын көбейту болатын. Халық санының көбейгені елге пайдалы. Өйткені әр азамат ел алдындағы борышын өтеп, мемлекетке табысы мен пайдасын келтіреді. Осындай азаматтар мен азаматшалар көбейе берсе, еліміз жайнап, көркейе беретініне сенімім мол» – деді облыс әкімінің міндетін атқарушы.

Нәрестенің анасы Әйгерім Молдашева қызының 20 миллионыншы қазақстандық болып туылғанына қатты таңғалған. Оның үстіне Томирис– 20 жасар Әйгерімнің алғашқы перзенті. 20 миллионыншы қазақстандықтың анасы болашақта 21 миллионыншы сәбидің анасы болудан ниетті екенін жасырмады.

«Жолдасым 20 жаста. Оның үстіне 20 нөмірлі аймақтанбыз. Енді, міне, 20 миллионыншы қазақстандықты дүниеге әкеліп отырмыз. Біз қатты қуаныштымыз! Біз әлі қобалжудамыз, әлі өз-өзімесенбей тұрмын! Мүмкін, болашақта 21 миллионыншы сәбиді дүниеге әкелетін анаболатын шығармын! Әрбір қазақстандыққа осындай береке нәсіп етсін!» – деді ӘйгерімМолдашева

Шақалақтың әкесі 20 жасқа енді толған Сұңғат Сейітжан «Қазақмыс» корпорациясына қызмет көрсететін «Серіктас» апаттық-құтқару қызметінде жұмыс істейді. Атасы Тұмар патшайым секілді елінің батыр қызы болсын деген ырыммен есімін «Томирис» деп атапты. Сұңғаттың айтуынша, ең алдымен, тұңғыш немерелерін бауырына басқан атасы мен әжесі қатты қуанған.

«Мен өте қуаныштымын! Менен бұрын ата-анам қатты қуанып жатыр. Олардың алғашқы немерелері. Әулеттегі тұңғыш немеренің дүниеге келуі осындай қуанышқа ұласып жатыр. Ешкім бұлай болады деп ойламайды ғой… 20 миллионыншы қазақстандық болып, менің балам туылғанын естігенде сөздің ашығы керек, өзім қатты таңғалдым! Ең алдымен, Алланың қалауымен, одан кейін дәрігерлерге көп рақмет айтқым келеді. Тіпті бейтаныс адамдар қоңырау шалып, құттықтап жатыр. Бәріне рақмет!» – деді Сұңғат Сейітжан.

Перинаталдық орталық ел халқын 20 миллионға жеткізген ана мен баланың жағдайы жақсы екенін жеткізді. Дәрігерлердің айтуынша,сәби салмағы 3 кг және бойы 49 см болып туылған. Бала уақытында, 41 аптада дүниеге келген.Орталықтың акушер-гинекологы ӘнжанБаймағамбетова бұл облыс үшін үлкен қуаныш болғанын айтты.

«Ұлытау облысында осы қуаныш болып жатыр. Үлкен қуанышымыз – 20 миллионыншы баланың осы облыста дүниеге келуі. Айгерім 14-і күні таңертең 8:10-да босанды. Қыз бала. Бәрі жақсы өтті. Баланың жағдайы жақсы. Аман-есен. Анасы жеңіл босанды. Биылғы жылғы көрсеткіштер былтырғы, оның алдыңғы жылдарға қарағанда едәуір көп. Бұл бізді қатты қуантады!» – деді Әнжан Баймағамбетова.

20 млн-шы тұрғын болып аталған сәбиге 2 млн теңгеден беріледі. Қаражатты «Отбасы» банкі бөліп отыр. Томиристің ата-анасы қаржылай сертификатты алу үшін жергілікті банк филиалдарына барып, жеке куәлігі мен баланың туу туралы куәлігін көрсетсе жеткілікті.

Жалпы елімізде бала туудың ең жоғары мәні 2021 жылы тіркелген. Соңғы жылдардағы табиғи өсімнің артуы, оның ішінде нәресте өлімінің азаюы нәтижесінде балдырғандар саны еселеніп жатыр.Мәселен, өлім-жітім 1000 тұрғынға шаққанда 1991 жылы орташа есеппен 8,2 адамды құраса, 2022 жылы бұл көрсеткіш 6,8 адамға дейін төмендеді. ҚР Ұлттық статистика бюросы басшысының орынбасары Мақсат Тұрлыбаевтың айтуынша, адам санының өсу деңгейі соңғы жылдары біршама өскен.

«Жалпы демография динамикасына келсек, тәуелсіздік алған жылы біз 16,4 миллион адам болдық. Содан бері ел халқының саны 22-ден астам пайызға өсті. Егер өңірлер бойынша халық санының өсуі туралы айтатын болсақ, халықтың ең көп өсуі Шымкент қаласында, Түркістан және Маңғыстау облыстарында байқалды. Аталған облыстарда көрсеткіш 22-24%-ға дейін жетіп отыр» – деді орынбасар.

Ұлытау облысында да соңғы жылдары бала туу көрсеткіші біршама артып келеді. 2023 жылдың басынан бастап облыста 3118 нәресте дүниеге келген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 4%-ке артық. Ұлытау облысында статистикаға сүйенсек, күніне орташа есеппен 10-15 бала дүниеге келеді.

Шыңғыс Атай