23 жастағы фельдшердің өлімі: Марқұмның күйеуі сотта жауап берді
Астанада қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан 23 жастағы фельдшер Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сотта марқұмның сол кездегі күйеуі қайғылы оқиға болған күні не болғанын айтып берді.
Күйеуінің айтуынша, 2025 жылғы 8 қарашада ерлі-зайыпты таңертең бірге үйден шығып, жұмысқа кеткен. Мырзуанның сол күні Байқоңыр ауданындағы жедел жәрдем станциясында күндізгі ауысымы болған. Ал күйеуі Бірінші қалалық ауруханада кезекшілік атқарған
«Шамамен таңғы сағат 6:30-да жұмысқа бару үшін жолға шықтық. Сағат 7:45-те екеуміз де жұмыс орындарымызға жеттік. Кейін ол маған хабарлама жазып, біраз уақыт хат алысып отырдық», – деді ол сотта.
Сағат 8:00-де ер адамның жоспарлы операциясы басталған. Операция кезінде жұбайымен байланыса алмаған. Шамамен 8:30-да жұмысына қайта кіріскеннен кейін екеуі тағы да хат алмасқан.
Сол кезде Мырзуан шақыртуға бара жатқанын айтқан. Кейінірек, шамамен сағат 10:00-де, ол күйеуіне «құлау болыпты, мүмкін сіздердің ауруханаға жеткізілетін шығар» деген мазмұнда хабарлама жіберген. Осыдан кейін әйелінен хабар болмаған.
Шамамен 10:50-де ер адамға аурухананың ішкі телефоны арқылы жұбайының Бірінші қалалық аурухананың қабылдау бөлімінде жатқанын айтып, төмен түсіп, оны танып көруді сұраған.
«Алғашында мұны әзіл деп ойладым. Себебі ол маған бұған дейін хабарлама жазған болатын. Сондықтан аса мән бермей, жұмысымды жалғастыра бердім», – деді марқұмның күйеуі.
Арада бірнеше минут өткенде оған анасы телефон соққан. Ол қабылдау бөлімінде Мырзуанды танығанын және марқұмның шокқа қарсы палатада жатқанын айтқан.
Марқұмның күйеуі кейін операциялық бөлім орналасқан екінші қабаттан бірінші қабатқа түскен. Қабылдау бөлімінде әйелін өзі таныған. Оның айтуынша, Мырзуан ауруханаға алғашында жеке басы анықталмаған адам ретінде жеткізілген.
Сотта прокурор марқұмның күйеуінен олардың қашан некеге тұрғанын және Мырзуанның қай жерде жұмыс істегенін де сұрады.
Ер адамның айтуынша, олар 2025 жылдың қыркүйегінде некелескен. Ұлдана Мырзуан Байқоңыр ауданындағы жедел жәрдем станциясында фельдшер болып жұмыс істеген. Ал күйеуі сол кезде Бірінші қалалық ауруханада қызмет атқарған.
Сотта ер адам операция кезінде ассистент болғаны жөніндегі мәселеге де түсініктеме берді. Оның айтуынша, ол хирургиялық араласуға қатыспаған, тек қажетті медициналық құралдарды жеткізіп отырған.«мен ота жасаған жоқпын. Тек құралдарды жеткіздім», – деді ол.
Прокурор марқұмды ауруханада қаншалықты жақын жерден көргенін нақтылады. Күйеуінің айтуынша, ол бірінші қабаттағы шок палатасында жатқан әйелін алыстан ғана көрген. Дәрігерлер оны жақындатпаған.
«Мен алыстан қарадым. Шамамен бес метр қашықтықта болдым», – деді ол.
Сотта бұдан бөлек, оның оқиғадан кейін қашан жауап бергені де сұралды. Ер адам нақты күнді есіне түсіре алмағанымен, өзін қараша айының соңына дейін, яғни оқиғадан кейін шамамен екі-үш апта немесе бір айға жуық уақыт ішінде жауап алғанын айтты.
Осы тұста сотта маңызды жайттардың бірі көтерілді. Қорғау тарапы жауап алынғанға дейін бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде фельдшердің үстіне кондиционер құлағаны туралы ақпарат тарағанын атап өтті .Марқұмның күйеуі сол кезеңде оқиғаға қатысты түрлі нұсқалар естігенін жасырмады. Біреулер кондиционер құлағанын айтса, енді бірі кірпіш немесе басқа құрылыс бөлшегі құлағанын жеткізген.
«Өзім нақты не болғанын анықтай алмадым. Жанында ұсақ темір бөлшектер мен кірпіштерді көрдім. Бірақ олардың кондиционерден немесе кірпіштен қалғанын нақты білмедім. Сол кезде адамдардың айтқанына сүйенуге тура келді», – деді ол.
Осылайша, сот отырысында марқұмның күйеуінің оқиғаға қатысты жеке өзі көрген жайттары мен кейін әлеуметтік желілер мен ақпарат құралдарынан алған мәліметтерінің аражігі талқыланды.
Еске салайық, 2025 жылғы 8 қарашада жедел жәрдем шақыртуына барған Ұлдана Мырзуан құтқару жұмыстары кезінде көпқабатты үйден құлаған кондиционердің сыртқы блогынан ауыр жарақат алып, көз жұмған. Қазір оның өліміне қатысты сот процесі Астанада жалғасып жатыр.