Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:48, 07 Маусым 2024

4 жасар Айкөркемді атып өлтірді деген күдіктіге қатысты сот үкімі жойылды

Айкөркем
Фото: malim.kz

Жоғарғы сот Қаңтар оқиғасы кезінде 4 жасар Айкөркем Мелдеханды атып өлтірді деген күдікпен ұсталған құзырлы орган қызметкері Арман Жұманға қатысты әскери соттың апелляциялық алқасының шешімін жойды.

Сот дерегіне сәйкес Қаңтар оқиғасы кезінде Арман Жұман блок постқа жақындаған көлікке оқ ату туралы заңсыз бұйрық берген. Салдарынан көлікте болған Айкөркем Мелдехан көз жұмды.

Бұған дейін қылмыстық іс “құпия” санатымен жабық өтіп, онда Жұманның әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылық жоқ деп ақтап келген еді. Ал, апелляциялық шағым жәбірленуші тараптың арыздары мен прокурордың наразылығы негізінде қаралды.

Сот жабық өткендіктен, Айкөркемнің әкесі бұл іс бойынша Жоғарғы соттың кассациялық алқасының шешімі туралы тек әлеуметтік желілерден білген.

“Олар бізге бірде-бір құжат көрсетпеді. Оларға ақтау үкімімен де, апелляциялық соттың шешімімен де танысуға рұқсат етілмеді. Ал біз бұл құжатты Жоғарғы соттан алуға тырысамыз, бірақ сот кеңсесінде ештеңе жоқ. Жоғарғы сот апелляциялық шағымның шешімін жойғанын білеміз”, – деді Айдос Мелдехан.

Қыздың әкесі әуелі әскери қызметкер Арман Жұманның ақталғанын, Айкөркемді өлтіргені үшін ешкімнің жазаланбайтынын білген. Кейін ғана Жоғарғы сот апелляциялық сотының шешімін шынымен де үкім жойылғанын түсіндіріпті. Алайда, іс мұнымен бітпеген.

“Арман Жұманға қатысты қылмыстық іс құпия түрде қаралды. Кассациялық қарау нәтижелері бойынша төменгі тұрған органдардың сот актілерінің күші жойылды, іс апелляциялық сатыдағы сотқа жаңадан қарауға жіберілді”, – делінген хабарламада.