«40 млн теңге пара алған»: Артық жүк тасымалына көз жұма қараған шенеуніктер ұсталды
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі көлік саласындағы жемқорлық фактілерін анықтау жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Ведомствоның мәліметінше, биыл тамыз айында прокуратураның үйлестіруімен Көлік министрлігі Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитеті төрағасының орынбасары мен Ақмола облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясы басшысының орынбасары ұсталған.
Олар белгіленген салмақ нормасынан артық жүк тиеген көліктердің кедергісіз жүруіне жағдай жасады деген күдікке ілінген. Тергеу нұсқасына сәйкес, лауазымды тұлғалар бұл әрекеті үшін кәсіпкерлерден жалпы сомасы 40 млн теңгеден астам материалдық сыйақы алған.
Соттың санкциясымен күдіктілер қамауға алынды. Қазір аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
ҰҚК Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеуге қатысты өзге ақпарат жарияланбайтынын хабарлады.