Қоғам

Атырауда тергеу изоляторындағы бес адам өздерін жарақаттауға әрекет жасаған

Атыраудағы тергеу изоляторында қамауда отырған бес адам өздеріне жарақат салуға әрекет жасаған.

тергеу

Олардың мұндай қадамға қамау жағдайына наразылық білдіріп барғаны хабарланды. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды.

"Ақжайық" басылымының мәліметінше, оқиға 23 қазанда болған. Қамаудағылар карантин блогындағы адамдарды басқа жерге ауыстыруды талап еткен. Талаптары орындалмаған соң өздерін жарақаттауға тырысқан.

Ал Atyrauoil.official паблигінде қамаудағылардың мекеменің санитарлық жағдайына, кәріз жүйесіндегі мәселелерге, тамақ сапасына және рұқсат етілген заттарды алуға қойылған шектеулерге наразы болғаны жазылған. Паблик мәліметінше, үш адам ауруханаға жеткізілген.

Атырау облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаменті оқиғаға қатысты түсініктеме берді. Ведомствоның хабарлауынша, өздеріне жарақат салуға әрекет жасаған бес адам ауыр және аса ауыр қылмыс жасады деп айыпталған. Олар қамау жағдайына наразылық білдіріп, бақылау камераларын жауып тастаған.

Департамент қамаудағылардың өздеріне жеңіл жарақат салғанын мәлімдеді. Алайда үш адамның ауруханаға жеткізілгені туралы ақпаратты растаған жоқ.

Оқиғаға байланысты топ болып бағынбау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз