Қоғам

Украина майдан шебін өзгертпей атысты тоқтатуға дайын

Украина президенті Владимир Зеленский соғысты тоқтатудың жолын атады.

Зеленский

Оның айтуынша, Киев әскери қимылдарды қазіргі майдан шебі бойында тоқтатуға келісуі мүмкін. Алайда бұл Ресей бақылауындағы украин жерлерінің тағдыры шешілді дегенді білдірмейді. Зеленский бұл туралы ABC News телеарнасына берген сұхбатында айтты.

Украина басшысы Ресей ел аумағының 25 пайызын басып алды деген пікірмен келіспейді. Оның мәліметінше, Ресей әскері қазір Украина жерінің шамамен 20 пайызын бақылауда ұстап отыр. Киев бұл аумақтарды Ресейдің меншігі деп заңды түрде тануға ниетті емес.

Ал Мәскеу соғысты қазіргі шеп бойында тоқтатуға келіспей, Украинадан Донецк облысының толық аумағын беруді талап етіп отыр. Қазір өңірдің 10 пайыздан астам бөлігі Украина бақылауында.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио келіссөздердегі басты түйткіл Донбассқа қатысты екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл өңір Украина аумағының шамамен 11 пайызын алып жатыр.

Рубионың пікірінше, Ресей Донбассты өз бақылауына алуға ұмтылғанымен, әзірге мақсатына жете алмай отыр. Ал Украина үшін бұл жерден бас тарту елдің егемендігі мен ұзақ мерзімді қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді.

Соған қарамастан, АҚШ мемлекеттік хатшысы екі тараптың да мүддесін ескеретін, белгілі бір ымыраға негізделген келісімге қол жеткізуге үміт білдірді.

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз