Қоғам

Тоқаев қазақстандықтарды Республика күнімен құттықтады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды ұлттық мереке – Республика күнімен құттықтады.

Республика күні

Президент құттықтауында елдің егемендік жылдарындағы жетістіктеріне тоқталып, алдағы даму мақсаттарын атады.

"Қымбатты отандастар!

Баршаңызды ұлттық мерекеміз – Республика күнімен құттықтаймын!

Бұл – мыңжылдықтардан тамыр тартатын қазақ мемлекеттілігінің қайта жаңғыруын айшықтайтын қастерлі мереке.

Біз егемендік жылдарында талай сын-қатерді еңсеріп, биік белестерді бағындырдық. Осылайша, еліміздің іргесін бекемдеп, елдігіміздің тұғырын нығайта түстік.

Қазақстан Тәуелсіздіктің 35 жылдық межесіне экономикасы қуатты, қоғамы жасампаз, күллі әлем қауымдастығы құрметпен қарайтын, беделі зор әрі ықпалды орта держава, өркениетті мемлекет ретінде жетіп отыр.

Биыл біз ұлт жылнамасының жаңа парағын ашып, тарихи өрлеу дәуіріне бетбұрыс жасадық.

Алдымызда тұрған мақсат – баршаға айқын. Біз мықты мемлекеттік институттары мен сапалы адам капиталы бар, жаһандық бәсекеге қабілетті, озық, дамыған, жасампаз, зайырлы ел болуымыз керек.

Бүгінде білімпаздық, адал еңбек, жоғары жауапкершілік және шынайы отаншылдық қасиеттері халқымыздың болмысына сіңіп, өмірлік дағдысына айналуда.

Біз Заң мен Тәртіп, Тазалық пен Қоршаған ортаға қамқорлық, Бірлік пен Келісім құндылықтарын кең ауқымда дәріптеп, қоғамда жаңа этика қалыптастыру ісін қолға алдық.

Осылайша, егемендігіміздің тұғырын күшейтіп, Әділетті, Қауіпсіз, Озық әрі Таза Қазақстанды құрып жатырмыз.

Еліміздің шаңырағы биік, ұлтымыздың рухы асқақ болсын!

Көк байрағымыз әрдайым биікте желбіресін!

Республика күні құтты болсын!"

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз