Қоғам

Алматыда ресейлік рэпердің концертіне қатысты дау сотқа жетуі мүмкін

Алматыда рэпер Madk1d-тің концерті басталғаннан кейін 15 минуттан соң тоқтап қалған.

Madk1d

Көрермендер билетке 33 мыңнан 110 мың теңгеге дейін төлегенімен, ұйымдастырушы ақшаны тек әртіспен кездесіп, суретке түсуге арналған Meet & Greet билеттері үшін қайтаруға уәде берген.

Концерт 24 қазанда сағат 20:00–де басталуы керек болған. Алайда әлеуметтік желіде көрермендер іс-шараның жарты сағатқа кешіккеніне шағымданды. Олардың айтуынша, жұрт аязда ұзын-сонар кезекте тұруға мәжбүр болған. Концерт басталғаннан кейін 15 минут өткенде орындаушылардың дыбысы өшірілген.

Іс-шараны ұйымдастырған Shake Events компаниясы әлеуметтік желідегі жазбасында әртіс сахнаға шыққандықтан, концерт өтті деп есептейтінін жеткізген. Сондықтан Meet & Greet санатынан басқа билеттердің ақшасы қайтарылмайтынын мәлімдеген.

"Әртіс сахнаға шықты, концерт өтті. Қалған билет санаттары бойынша ақша қайтарылмайды", – делінген ұйымдастырушының хабарламасында.

Ал Madk1d-тің айтуынша, Shake Events өкілдері бұған дейін концерттің өткізілуі келісілгенін және өнер көрсетуге ешқандай кедергі жоқ екенін айтқан. Рэпер компанияның үстінен сотқа шағым түсіретінін мәлімдеді.

Сонымен қатар ол Алматы көрермендеріне алғыс айтып, концерттік бағдарламаны толық орындай алмағанына өкініш білдірді.

"Алматы, сіздер керемет көрерменсіздер. Сіздердің алдарыңызда өнер көрсету маған қатты ұнады. Бағдарламаны толық орындай алмасам да, концертке келгендеріңіз үшін шын жүректен алғыс айтамын. Келесі жолы сіздердің сенімдеріңізді ақтаймын", – деді әртіс.

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз