Қоғам

70 елді мекенде су басу қаупі толық жойылды

Биыл көктемгі ауа райы құбылмалы болып тұр. Ақпанның аяғына дейін қар жауды, наурыз басталғалы жаңбырдан көз ашқан жоқпыз. «Қазгидромет» РМК болжамына сүйенсек, наурыз бен сәуір айы жылы әрі жауын-шашынды болады. Елдің басым бөлігінде ауа температурасы мен жауын-шашын мөлшері климаттық нормадан жоғары болуы мүмкін.

Су тасқыны

«Қазгидромет» мамандары «сәуір айында елдің батыс, оңтүстік және оңтүстік-шығысындағы таулы және тау бөктеріндегі аудандарда жауын-шашын мөлшері нормадан жоғары болуы мүмкін» екенін айтады. Жауапты мекемелер осы болжамға сүйеніп, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Абай облысында көктемгі су тасқыны қаупі жоғары деп бағаланып отыр.

Осы тізімге енген Ақмола облысына жақында премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев жұмыс сапарымен барып, өңірдегі тасқынға қарсы дайындық барысын тексерді. Сапар барысында ол облыс әкімі Марат Ахметжановпен бірге Астрахан, Шортанды, Аршалы, Целиноград және Атбасар аудандарын аралады.

Алғашқы күні вице-премьер Аршалы ауданындағы Жібек жолы ауылында ұзындығы 6,3 шақырым болатын жаңа қорғаныс дамбасымен танысты. Бұл нысан ұзақ жылдар бойы өзекті болып келген су тасқыны мәселесін шешіп, 15 мыңға жуық тұрғыны бар елді мекендерді қорғауға мүмкіндік береді деген болжам бар. Сапардың екінші күні Атбасар қаласында Жабай өзенінің арнасын тазарту және қорғаныс үйіндісін салу жұмыстары таныстырылды. Қазір өзеннің 7,2 шақырым бөлігі тазартылып, арнаны тереңдету, кеңейту және түзеу жұмыстары жалғасып жатыр. Сондай-ақ қала маңында қорғаныс дамбасы тұрғызылып жатыр.

«Атбасар – Сочинское» автожолы бойындағы жаңа көпірдің құрылысы аяқталды. Бұл облыстағы маңызды инфрақұрылымдық жобалардың бірі саналады. Мамандар осы шешім тасқын кезінде көлік қатынасы үзіліп қалатын төрт елді мекеннің 2 мың тұрғыны үшін үлкен жеңілдік болды деп сеніп отыр. Астрахан ауданында Қалқұтан өзенінің арнасын түзеу, тазарту және тереңдету жұмыстары жүріп жатыр. Биыл ұзындығы 20,8 шақырым болатын жағалауды бекіту жобасы басталды. Сондай-ақ «Қызыл Жұлдыз» бөгетінде күрделі жөндеу аяқталуға жақын. Бұл нысан 17 млн текше метрге дейін еріген суды ұстап, Қалқұтан, Ескі Қалқұтан және Еңбек ауылдарын су басу қаупін азайтады.

Жалпы Ақмола облысында тасқынға қарсы жұмыстар 163 елді мекен мен 32 жол учаскесін қамтыған. Нәтижесінде 70 елді мекенде су басу қаупі толық жойылды. Кейінгі екі жылда қауіпті аумақтардан 718 отбасы көшірілген. Қазір азаматтық қорғау қызметтері жоғары дайындық режиміне көшкен. 2,5 мың адам, 1000-нан аса техника, 400-ге жуық мотопомпа және 37 жүзу құралы тасқынның алдын алуға дайын тұр.

Су тасқынына не себеп болады? Оның алдын алу мүмкін бе? Біз гидролог мамандарға хабарласып, қандай жағдайда су тасқыны болатынын сұрадық. «Су тасқынына қатысты болжам топырақтың күзгі ылғалдығы, оның қату тереңдігі, қар жиналу көлемі және қар еріген кездегі ауа райын ескере отырып, көпжылдық гидрометеорологиялық бақылаулар негізінде жасалады. Биыл су тасқыны деңгейі наурыз және сәуір айларындағы нақты температура жағдайы мен жауын-шашын мөлшеріне байланысты болады.

Көктемгі су тасуға негізінен екі фактор әсер етеді: климаттық (метеорологиялық) және жер бедері (рельеф) факторы. Климаттық факторлар тобында су жинау алабындағы қар жамылғысының қоры, сондай-ақ топырақ қабатының ылғалдану деңгейі мен қату дәрежесі шешуші мәнге ие. Бұл шарттар еріген қар суының инфильтрациясы мен оның жер бетіндегі ағысы қалай болатынын айқындайды. Ал жер бедері факторында өзен алабының өлшемі, морфометриялық құрылымы, сондай-ақ алаптағы көл, батпақ, орман деңгейі өте маңызды. Аталған сипаттамалар су ағысының шоғырлану жылдамдығы мен көлеміне тікелей әсер етеді.

Сондай-ақ су тасқыны атмосфералық жауын-шашынның мөлшері, жауын уақытының ұзақтығы және жауынның қарқыны сияқты факторларға байланысты пайда болады. Бұл жерде қалың жаңбырдан кейін пайда туындайтын тасқан жайлы айтып отырмыз. Ал көктемдегі су тасқынының көлеміне қыс мезгілінде түскен қар жамылғысындағы су қоры тікелей әсер етеді. Өйткені Қазақстан аумағындағы өзендердің көктемде тасуына негізінен қардың еруі себеп болады. Ал таулы аудандарда маусымдық қардың немесе мұздықтың еруінен көктемгі-жазғы немесе жазғы су тасқаны пайда болады», – дейді ҚазҰУ метеорология және гидрология кафедрасының аға оқытушы Жанара Жанабаева.

Вице-премьер Ақмолаға барған сапарында жергілікті жауапты органдарға қарды тәулік бойы шығарып, өзен арналары мен су өткізу құрылыстарын тазарту жұмыстарын жеделдетуді, қажетті техника мен материал қорын дайындауды және халыққа дер кезінде ақпарат беріп отыруды тапсырды. «Басты міндетіміз – тасқынның шарықтау кезеңін толық дайындықпен қарсы алу. Алдын алу шаралары қысқа мерзімде аяқталуы тиіс», – деді Қанат Бозымбаев.

Төтенше жағдайлар министрлігі су тасқынына қарсы дайындық жұмыстары қарқынды жүріп жатқанын айтады. «Көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық шаралары жалғасып жатыр. Еліміздің барлық өңірінде су қоймаларын кешенді тексеру, қардың қалыңдығына мониторинг жасау және гидротехникалық нысандардың жай-күйін тексеру арқылы ықтимал су тасқынының алдын алу жұмыстары жүріп жатыр», – дейді ТЖМ өкілі.

Еламан Өмірхан

Тегтер: су тасқыны
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз