Алматыда ВИЧ жұқтырған ер адам зорлау ісі бойынша 5 жылға сотталды
Алматыда ВИЧ жұқтырған ер адам зорлау қылмысы үшін бес жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы қалалық соттың баспасөз қызметі хабарлады.
Сот үкімімен айыпталушы Ш. кінәлі деп танылды. ҚР ҚК 118-бабының 1-бөлігі (басқа адамға әдейі ВИЧ жұқтыру) бойынша іс ескіру мерзімінің өтуіне байланысты жауапкершіліктен босатылған.
Ал Қылмыстық кодекстің 120-бабы 1-бөлігі (жәбірленушінің дәрменсіз күйін пайдаланып зорлау) бойынша оған 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Іс Медеу аудандық №2 сотында қаралған.
Оқиға қалай болған?
Сот материалдарына сәйкес, 2025 жылдың наурызында айыпталушы жәбірленуші әйелді белгісіз зат қолдануға көндіріп, оны дәрменсіз күйге түсірген.
Осы жағдайды пайдаланып, оның еркінен тыс жыныстық қатынасқа түскен. Сонымен қатар, айыпталушы өзінің ВИЧ жұқтырғанын біле тұра, жәбірленушіні инфекция жұқтыру қаупіне әдейі ұшыратқан.
Сот мәліметінше, айыпталушының кінәсі жәбірленушінің жауабы, бейнежазба және басқа да дәлелдер арқылы толық дәлелденген.
Айта кетейік, айыпталушы кінәсін мойындамаған. Жәбірленуші оған бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған. Ал прокурор қылмыстар жиынтығы бойынша 5 жыл 4 ай жаза тағайындауды ұсынған.