Қоғам

Ақтөбеде шенеунік қайын әпкесіне заңсыз пәтер алып бергені үшін сотталды

Ақтөбе қаласындағы Тұрғын үй қатынастары бөлімінің бұрынғы басшысы Жандос Әлімов туысына мемлекеттік қордан пәтер алуға көмектескені үшін 4,5 жылға бас бостандығынан айырылды.

Жандос Әлімов

Оның қайын әпкесі тұрғын үй кезегінде тұрмағанына қарамастан, тегін баспана алған. Кейін пәтерді 5 миллион теңгеге сатып жіберген.

Тергеу дерегіне сәйкес, Әлімов әйелдің мемлекеттік тұрғын үй алуға құқығы жоқ екенін білген. Соған қарамастан оның өтінішін тұрғын үй комиссиясының қарауына енгізіп, комиссия мүшелерін пәтер бөлуге көндірген. Бұған қоса, құжаттарды шешім алдын ала мақұлданғандай етіп дайындаған.

Осыдан кейін туысына уақытша берілген баспана басқа, жайлырақ пәтерге ауыстырылып, оны тегін жекешелендіруге мүмкіндік жасалған.

Бұрынғы шенеунік сотта өз кінәсін мойындамады. Ол пәтер бөлу туралы шешімді жеке өзі емес, әкімдік пен өзге мекемелер өкілдерінен құралған комиссия қабылдағанын алға тартты. Алайда сот бұл уәждерді негізсіз деп таныды.

Сот үкімімен Әлімов 4,5 жылға сотталып, өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды. Сондай-ақ мемлекетке 9 миллион теңге өтеуге міндеттелді.

Айта кетейік, бұл оның алғашқы соттылығы емес. Биыл сәуірде Әлімов тұрғын үй кезегінде тұрмаған адамдарға заңсыз пәтер алуға көмектескені үшін тағы 6 жылға сотталған болатын. Ол істе де мемлекеттік қордан берілген баспаналар кейін жекешелендіріліп, сатылған.

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Сайт Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз