Қоғам

396 млн теңге пара алып, 12 жылға сотталған экс-әкім Кәрім Көкірекбаев бостандыққа шығуы мүмкін

Жемқорлық үшін 12 жылға сотталған Жамбыл облысының бұрынғы әкімі Кәрім Көкірекбаев мерзімінен бұрын бостандыққа шығуы мүмкін.

Кәрім Көкірекбаев

Журналист Михаил Козачковтың мәліметінше, оның шартты түрде мерзімінен бұрын босату (УДО) туралы өтініші қанағаттандырылған. Алайда бұл ақпарат әзірге ресми түрде расталған жоқ.

Журналистің жазуынша, Көкірекбаев денсаулығына байланысты Қылмыстық кодекстің 75-бабы негізінде бостандыққа шыққан болуы мүмкін. Тиісті шешімді өткен аптада Алматы облысындағы Алатау қаласының соты қабылдаған деген ақпарат бар.

Кәрім Көкірекбаев бұған дейін Жамбыл облысының әкімі, "Қазақстан темір жолы" АҚ басшысы және "Қазселденқорғау" мемлекеттік мекемесінің жетекшісі қызметтерін атқарған.

396 миллион теңге пара алды деген күдік

Ол 2022 жылдың желтоқсанында "Bazis Construction INFR" ЖШС басшысы Андрей Поплавскийден 396 миллион теңге пара алды деген күдікпен ұсталған.

Тергеу нұсқасы бойынша, ақша Қорғас өзеніндегі қорғаныс құрылыстарында іс жүзінде орындалмаған жұмыстарға қатысты актілерге қол қою үшін берілген. Мемлекетке келтірілген шығын көлемі 2 миллиард теңгеге жуық деп бағаланған.

2025 жылдың шілдесінде сот Кәрім Көкірекбаевты 12 жылға бас бостандығынан айырды. Әділет Ахатаев пен компания өкілі Андрей Поплавский 11 жылға сотталды.

Бұдан бөлек, Көкірекбаев жазасын өтеп жүрген кезде сот ғимаратында күзет қызметкеріне пара беріп, жұбайымен заңсыз кездесуді ұйымдастырғаны үшін 300 мың теңге айыппұл арқалаған.

Михаил Козачковтың хабарлауынша, Алматы облыстық сотының баспасөз қызметі бұл жағдайға қатысты дүйсенбі күні түсініктеме беруге уәде еткен. Сондықтан бұрынғы әкімнің бостандыққа шыққаны туралы ақпарат әзірге ресми расталған жоқ.

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Сайт Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз