Қызылордада қыздарды қорғамақ болған жігіт пышақ жарақатын алды
20 қараша күні кешке Қызылордадағы Құлагер шағынауданында 1984 жылы туған ер адам ойын-сауық орнынан мас күйде шығып, екі қызға тиісіп, мазасын алған.
Оларға Нұралла есімді жігіт араша түскен. Жанжал кезінде ер адам оны пышақтап жіберген деген ақпарат бар.
Жарақат алған жігіт қазір ауруханада жатыр. Оның есін жиғаны белгілі болды. Оқиғаға қатысты тергеу жүріп жатыр.
Шұғыла шағынауданының тұрғындары күдікті ер адамның бұған дейін де көшеде өтіп бара жатқан адамдарға тиісіп, жанжал шығарып жүргенін айтады.
Полиция әзірге оқиғаға қатысты ресми түсініктеме берген жоқ.