Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:00, 29 Қазан 2024

Әбіқаев 26 жыл басқарған федерацияның тізгінін Тәкиев ұстады

Әбіқаев

27-қазанда Алматыда Қазақстан волейбол федерациясының кезекті конференциясы өтіп, ұйымның жаңа президенті сайланды. Федерацияны 26 жыл басқарған 77 жастағы Нұртай Әбіқаев қызметінен кетіп, оның орнын қаржы министрі Мәди Тәкиев басты. Ол волейболшыларға 2028 жылға дейін басшылық етеді.

Әбіқаевтың орнына 3 үміткер таласқан. Биыл ақпаннан бері қаржы министрі лауазымын атқарып отырған Тәкиевтен бөлек, 20 жылдан аса Алматы облысында басшы болған Амандық Баталов пен волейболшы, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Бақытжан Байтөреев сайлауға түсті.

Сайлауға 17 облыс пен Астана, Алматы және Шымкент қаласының өкілдері, федерация жетекшілері қатысып, дауыс берді. Федерация Тәкиевтің кандидатурасын 64 делегаттың 43-і қолдап, 11-і қалыс қалғанын хабарлады.

ҚВФ сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, Тәкиев өзіне сенім артып, дауыс берген делегаттарға алғыс айтып, өзінен бұрынғы басшының атқарған жұмыстарына жоғары баға берген. Сондай-ақ Қазақстан волейболында Әбіқаевтың алар орны үлкен деп, оны федерацияның құрметті президенті әрі ҚВФ қамқоршылық кеңесінің басшысы болуға шақырды. Әбіқаев бұл ұсыныстан бас тартқан жоқ.

1

Ал Әбіқаев өз сөзінде 26 жылға жалғасқан жұмысын қорытындылай отырып, тізгінді жаңа басшыға тапсыратын кез келгенін айтты. Ол «сегіз олимпиадалық циклге тең келетін ұзақ жолдан өттік, Қазақстан волейболында мақтанатын жетістік аз емес» деді.

Нұртай Әбіқаев – экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың саясаттағы сенімді серіктерінің бірі болған адам. Әуелі Назарбаевтың көмекшісі болып, кейін президент әкімшілігін басқарған. Ұлттық қауіпсіздік комитетін екі рет басқарды, сенат төрағасы болды. Сондай-ақ ол Қазақстанның Ресейдегі елшісі, Қазақстанның сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары қызметтерін атқарған.

Біздің елде спорт федерациясына президент болған шенді көп. Тіпті федерацияларды миллионер-министрлер бөліп алған деуге негіз бар. Волейболды 26 жыл басқарған Әбіқаевтан бөлек, хоккей федерациясын Асқар Мамин, бокс федерациясын Кеңес Рақышев, теннис федерациясын Болат Өтемұратов, жеңіл атлетика федерациясын Даниал Ахметов, күрес федерациясын Дәулет Тұрлыханов, велоспорт федерациясын Райымбек Баталов басқарып отыр. Ертеректе Тимур Құлыбаев, Дәурен Абаев, Қайрат Қожамжаров, Әділбек Жақсыбеков, Сауат Мыңбаев, тіпті сотталып кеткен Кәрім Мәсімов те спорт федерациясын басқарған.

Қуаныш Қаппас