Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 15:20

Әбіқаевтан кейін Ахметов спортпен қоштасты

Даниал Ахметов
Фото: Жас Алаш коллаж

Өткен апта Астанада Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының кезекті конференциясы өтіп, ұйымның жаңа президенті сайланды. Федерацияны 6 жыл бойы басқарған 70 жастағы Даниал Ахметов қызметінен кетіп, оның орнын даңқты жеңіл атлет, Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова басты.

Ең қызығы, Ахметов өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатты. Отырған креслосын оңайлықпен босатқысы келмейтін Ахметов үшін бұл таңсық жағдай. Бір орында көп отырған басшы жайлы айтар болсақ, мысал көптеп табылады. Ахметовтің өзі де Шығыс Қазақстан облысын табан аудармай, 9 жыл басқарып, 69 жасында зейнетке «әрең» кеткен.

Былайғы жұрт Даниал Ахметовті ескі Қазақстанның белді өкілі деп санайды. Өйткені ол мансабында бірнеше облысты және қорғаныс министрлігін басқарып, 2003-2007 жылдары премьер-министр қызметін де атқарды. Ол экс-президенттің әмбебап кадры болғанымен, халықтан оң баға алған шенді деп айта алмаймыз.

Ахметов 2023 жылы 16 маусымда, тура 69 жасқа толған туған күнінің ертеңінде ШҚО әкімі қызметінен кеткен соң жұрт алдына көп шыққан жоқ. Тек былтыр 18 қарашада Нұрсұлтан Назарбаев інісі Болат Назарбаевқа ас бергенде және биыл ақпанда Астанада өткен Әмин Тұяқов жүлдесіне арналған Astana Indoor Meet халықаралық жеңіл атлетика турнирінде көзге түсті.

Даниал Ахметов федерация басшысы ретінде қатысқан соңғы жиында 6 жылда атқарған жұмысы туралы есеп беріп, спорттағы маңызды жетістіктері жайлы айтты. Ол қазақстандық атлеттер халықаралық жарыстарда жоғары нәтиже көрсеткенін және жеңіл атлетиканың дамуына бағытталған жаңа бастамалар қолға алынғанын атап өтті.

Бірақ Ахметов жеңіл атлетикадан ауыз толтырып айтатындай жетістікке жеттік деп мақтана алмайды. Федерация тізгінін 2018 жылғы наурыз айында ұстаған зейнеткер басшы Кениядан легионерлер әкеліп, оларға Қазақстан азаматтығын беруімен ғана есте қалды. Ал үкілеп бәйгеге қосқан атлеттері биыл жазда Парижде өткен Олимпиада ойындарында өте төмен нәтиже көрсетті.

Астанадағы жиында спорт және туризм министрі Ербол Мырзабосынов Ахметовтің федерацияға сіңірген еңбегіне алғыс айтып, шығарып салды.

«Жеңіл атлетика – елдегі ең танымал спорт түрлерінің бірі. Қазір 360 мыңнан астам отандасымыз осы спорт түрімен кәсіби түрде айналысып жүр. Сондықтан біз бұл спортты жаңа деңгейге көтеріп, оның халықаралық аренада танымалдылығын арттыруымыз қажет. Федерацияны бірнеше жыл басқарған Даниал Ахметов қызметінен кетті. Оған атқарған жұмысы үшін алғыс білдіремін. Даниал Кенжетайұлының басшылығымен біздің атлеттер халықаралық жарыстарда үлкен жетістіктерге жетті. Енді федерация президенттігіне Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова келіп отыр. Ольга Сергеевнаның отандық жеңіл атлетиканың дамуына қосқан үлесі мол. Алдағы уақытта да еліміздің жеңіл атлетика спортын биіктерге көтереді деп сенеміз», – деді министр.

Айта кетейік, биыл қазанда Қазақстан волейбол федерациясын 26 жыл басқарған 77 жастағы Нұртай Әбіқаев қызметінен кеткен. Әбіқаев та экс-президенттің сенімді серіктерінің бірі. Ол президенттің көмекшісі, президент әкімшілігінің жетекшісі болған. Ұлттық қауіпсіздік комитетін екі рет басқарып, сенат төрағасы қызметін атқарған.

Қуаныш Қаппас