спорт

Елдос Сметов 2028 жылғы Олимпиадаға қатысатынын мәлімдеді

Дзюдодан Олимпиада чемпионы Елдос Сметов 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарына қатысатынын мәлімдеді.

Елдос Сметов

 Бұл туралы спортшы Aqyrys Seitqazy арнасына берген сұхбатында айтты.

33 жастағы спортшы үшін Лос-Анджелес Олимпиадасы мансабындағы төртінші Олимпиада болуы мүмкін.

Сметов спорттағы мүмкіндігін барынша пайдаланғысы келетінін айтып, кәсіби мансабын жалғастыру туралы шешім қабылдағанын жеткізді.

«Төртінші Олимпиадаға баруға мүмкіндік бар. Осы мүмкіндікті барынша пайдалану үшін үлкен спорттағы мансабымды жалғастыруға шешім қабылдадым. Қазақта «Алтын шыққан жерді белден қаз» деген сөз бар. Менің өмірімде алтын шыққан жер – спорт, оның ішінде дзюдо. Дзюдода өзім қолданатын әдістер бар. Бұл жерде алтын бар, мен оны соңына дейін алуым керек. Өзіме тиесілі, маған керек алтынды алуым қажет. Өйткені мен сол алтын үшін одан да қымбат дүниені – денсаулығымды беріп жатырмын», – деді Елдос Сметов.

Үш Олимпиададан қатарынан жүлде алған

Елдос Сметов бұған дейін үш Олимпиада ойындарында қатарынан жүлдеге ие болды. Ол 2016 жылғы Рио Олимпиадасында күміс, 2021 жылы Токиода қола, ал 2024 жылғы Париж Олимпиадасында алтын медаль жеңіп алды.

Париждегі жеңіс Қазақстан дзюдосы тарихындағы Олимпиаданың алғашқы алтын медалі болды.

Париж Олимпиадасынан кейін Сметов спорттық мансабына уақытша үзіліс жасады. Алдымен ағылшын тілін үйренуге кеткен, кейін бұрыннан мазалап жүрген жарақаттарына байланысты бірнеше операция жасатқан.

Үзілістен кейінгі алғашқы жарысы 2026 жылдың маусымында Қытайда өткен Гран-при турнирі болды. Сметов алғашқы екі белдесуінде жеңіске жеткенімен, жарысты бесінші орынмен аяқтады.

Енді қазақстандық дзюдошы 2028 жылғы Лос-Анджелес Олимпиадасына дайындықты жалғастырмақ.

Тегтер: Елдос Сметов
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз