спорт

Күрес тарихы: Мельниченкодан Сұлтанғалиге дейін

АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында күрес түрлерінен 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионаты аяқталды.

күрес

Турнир 12-19 қазан арасында өтті. Thomas & Mack Center кешенінде еркін, грек-рим және әйелдер күресінен 10 салмақ дәрежесі бойынша медальдер сарапқа салынды. 

Турнирге 67 елден 650-ден аса спортшы қатысты. Атап айтқанда, еркін күрестен – 238, грек-рим күресінен – 237, әйелдер күресінен – 178 балуан боз кілемде бақ сынады.

Қазақстан атынан бұл турнирге 30 спортшы қатысып, 7 жүлдеге қол жеткізді. Оның 3-еуі – алтын, 2-еуі – күміс, 2-еуі – қола медаль. Бұл Қазақстан командасының U23 санатындағы әлем чемпионаты тарихында тіркеген ең үздік көрсеткіші болды.

Еркін күрес:

57 келі – Мерей Базарбаев,

61 келі – Нұрданат Айтанов,

65 келі – Шаттық Алайдар,

70 келі – Майис Алиев,

74 келі – Нұрдәулет Сейілбеков,

79 келі – Ерхан Әбіл,

86 келі – Абылайхан Үзембаев,

92 келі – Камиль Куруглиев,

97 келі – Нұрдәулет Бекенов,

125 келі – Әлімжан Сәлімжан.

Еркін күрес бәйгесінде бізге бұйырғаны бір медаль ғана. Дегенмен сол жалғыз жүлденің құны өте жоғары. 57 келіге дейінгі салмақта бақ сынаған Мерей Базарбаев алтын медаль жеңіп алды. Бұл жүлдені тарихи медаль деуге негіз бар. Өйткені 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионатында еркін күрес шеберлері бұған дейін жалғыз алтын медальге ие болған. 2024 жылы Ризабек Айтмұхан (97 келі) турнирде топ жарған болатын.

Бұл турнир 2017 жылдан бері өтіп келеді (2020 жылы коронавирусқа байланысты өткен жоқ). Осы аралықта еркін күрес балуандары 2 алтын, 5 күміс, 5 қола медаль жеңіп алды.

Айта кетейік, тәуелсіз Қазақстан тарихында еркін күрестен ересектер арасында әлем чемпионы атанған екі-ақ балуан бар. Оның бірі – Ризабек Айтмұхан. Ол 2023 жылы Сербия астанасы Белградта 92 келіге дейінгі салмақта топ жарып, еркін күрестен Қазақстан тарихындағы алғашқы әлем чемпионы атанған. Оған дейін күрестің бұл түрінен қазақстандық ешбір спортшы әлем біріншілігінде жеңіске жете алмаған. Ал 2024 жылы Албания астанасы Тиранада Нұрғожа Қайпанов (70 келі) алтын медаль алды. Ал 1993 жылдан бері Қазақстан құрамасы еркін күрестен 21 жүлдеге қол жеткізген. Оның екеуі алтын, бесеуі күміс, 14-і қола медаль.

Еркін күрес шеберлерінің Олимпиада ойындарындағы нәтижесі де мәз емес. Ел тарихында ешбір балуан еркін күрестен Олимпиада чемпионы болған жоқ. Бұл спорт түрінен еншімізде 7 медаль (3 күміс, 4 қола) ғана бар.

Әйелдер күресі:

50 келі – Лаура Ғаниқызы,

53 келі – Динара Дәулетқызы,

55 келі – Шұғыла Өмірбек,

57 келі – Анна Стратан,

59 келі – Виктория Хусаинова,

62 келі – Тыныс Дүбек,

65 келі – Жаңыл Бекен,

68 келі – Ұлдана Тілеухан,

72 келі – Жібекжан Сабыржанова,

76 келі – Алина Ертөстік.

Бұрымды балуандарымыз Лас-Вегаста жалғыз медаль жеңіп алды. 55 келіге дейінгі салмақта бақ сынаған Шұғыла Өмірбек қола жүлдегер атанды.

Шұғыла 2025 жылы Сербияның Нови-Сад қаласында өткен U23 санатындағы әлем чемпионатында топ жарған болатын. Яғни Қазақстан қоржынында қыздар күресінен алтын медаль бар. Ал 2017 жылдан бері бұрымды балуандарымыз осы турнирде 1 алтын, 7 қола медаль жеңіп алған.

Қазақстандық қыздар ересектер арасындағы әлем чемпионатында да, Олимпиада ойындарында да алтын медаль алып көрген жоқ. Күрестің бұл түрінен Олимпиада ойындарында қазақстандық балуандар 1 күміс, 4 қола медаль еншілеген.

Грек-рим күресі:

55 келі – Арсен Жұма,

60 келі – Айбек Айтбеков,

63 келі – Рауан Тұрысбек

67 келі – Төлеген Әмірханов,

72 келі – Юсуф Ашрапов,

77 келі – Ақжан Ықыласов,

82 келі – Диас Қалтай,

87 келі – Темірлан Тұрдақын,

97 келі – Нұрасыл Аманалы,

130 келі – Джохар Узаров.

АҚШ төрінде "классиктеріміз" керемет нәтиже көрсетіп, 2 алтын, 1 күміс, 2 қола медаль жеңіп алды. Атап айтқанда, Айбек Айтбеков (60 келіге дейін) пен Юсуф Ашрапов (72 келіге дейін) чемпион атанса, Темірлан Тұрдақын (87 келіге дейін) екінші орын алды. Ал Арсен Жұма (55 келіге дейін) мен Джохар Узаров (130 келіге дейін) қола жүлдеге қол жеткізді.

Айбек Айтбеков ақтық сында әлем чемпионы Елмир Алиевті (Әзербайжан) 13:4 есебімен жеңді. Айтбек биыл мамырда U23 санатындағы Азия чемпионатында да топ жарған болатын. Ал 72 келідегі Юсуф Ашрапов финалда Армения өкілі Гаспар Тертерянды 4:3 есебімен қапы қалдырды. 87 келідегі Темірлан Тұрдақын алтын медаль үшін өткен белдесуде ересектер арасында Азия чемпионатының күміс жүлдегері болған Ясин Әли Яздиге (Иран) есе жіберді.

Бірақ қазақстандық "классиктер" 23 жасқа дейінгі әлем чемпионатында алғаш рет алтын алып отырған жоқ. Бұған дейін 2023 жылы Албания астанасы Тиранада өткен турнирде  67 келіге дейінгі салмақта бақ сынаған Сұлтан Әсетұлы чемпион атанған болатын.

Қазақстандық балуандар грек-рим күресінен U23 санатындағы әлем чемпионатында жалпы 3 алтын, 3 күміс, 8 қола медальге қол жеткізді. Демек, еркін күрес және қыздар күресімен салыстырғанда "классиктердің" нәтижесін тәп-тәуір деп бағалауға болады.

Айтпақшы, грек-рим күресі шеберлерінің ересектер арасындағы көрсеткіші де еркін күрес пен қыздар күресінен біршама жақсы. Күрестің бұл түрінен қазақстандық спортшылар әлем чемпионатында 6 алтын медаль жеңіп алған. Бірақ оның бесеуі ХХ ғасырдың еншісіндегі жүлде. Жаңа ғасырда жалғыз балуанымыз әлем чемпионы атанды.

2025 жылы қыркүйекте Хорватия астанасы Загреб қаласында өткен біріншілікте Айдос Сұлтанғали (60 келі) қарсылас шақ келтірмей, алтыннан алқа таққан. Ең қызығы, Қазақстан бұл алтынды табаны күректей 26 жыл күткен болатын.

Қазақстан құрамасы грек-рим күресінен оған дейін өткен ғасырда, 1999 жылғы әлем чемпионатында алтын медаль алған. 63 келіге дейінгі салмақта өнер көрсететін Мхитар Манукян Грекияның Пирей қаласында өткен біріншіліктің финалында түрік балуаны Сереф Ероғлыны жеңіп, екі дүркін әлем чемпионы атанған болатын. Манукян 1998 жылы Швеция жерінде де алтыннан алқа таққан.

Өткен ғасырдың аяғында грек-рим күресінен алтын медаль бірнеше спортшымызға бұйырған. Манукяннан бөлек Бақтияр Байсейітов (1998 жыл) пен Юрий Мельниченко (1994 және 1997 жыл) әлем біріншілігінде топ жарған. Яғни грек-рим күресінен Қазақстаннан шыққан 4 әлем чемпионы бар, олар жалпы 6 алтын медаль алған.

"Классиктердің" еншісінде Олимпиада ойындарының алтын жүлдесі де бар. Олимпиада ойындарында қазақстандық балуандар грек-рим күресінен 1 алтын, 2 күміс, 4 қола медаль жеңіп алған. Бірақ Олимпиада алтыны да өткен ғасырдың еншісінде қалғанын айта кеткен жөн. 1996 жылғы Атланта (АҚШ) Олимпиадасында 57 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Юрий Мельниченко топ жарған болатын. Ал екі күміс медальді Демеу Жадыраев (Париж-2024) пен Георгий Цурцумия (Афина-2004) жеңіп алған. Айтпақшы, 2008 жылы Бейжіңде Нұрбақыт Теңізбаев қола медальге ие болған, кейін қарсыласы допинг дауына ұшырап, қазақстандыққа күміс медаль табысталды. Теңізбаев кейін саясатқа аяқ басып, 2023-2026 жылдары Алматы облысы Кеген ауданының әкімі болды. Ал биыл тамызда бірінші шақырылымдағы Құрылтай депутаты болып сайланды.

Айтпақшы, даңқты балуандар Жақсылық Үшкемпіров пен Шәміл Серіков грек-рим күресінен КСРО кезінде Олимпиада чемпионы атанған. Екеуі де 1980 жылы Мәскеуде өткен Олимпиада ойындарында алтыннан алқа тақты.

Былайғы жұрт "күрес – қазақтың қанында бар спорт" деп жатады. Тарихта тұла бойы бұла күшке толған атақты балуандар өткенін жақсы білеміз. Бірақ заманауи күрес өнерінде қазақ спортшыларының жетістігі ауыз толтырып айтуға келмейді. Тәуелсіздік алғаннан бері жалғыз балуанымыз Олимп шыңын бағындырғанын айттық. Олимпиада ойындарында балуандарымыздың алған жалпы жүлдесі – 1 алтын, 6 күміс, 12 қола медаль ғана. Ал әлем чемпионаттарындағы көрсеткішіміз – 8 алтын, 21 күміс, 37 қола медаль. Бұл аз ба, көп пе, оқырман қауым өзі сараптай берер…

Күрес түрлерінен жылдың басты бәсекесі – 2026 жылғы әлем чемпионаты 24 қазан мен 1 қараша аралығында Астана қаласындағы "Барыс Арена" спорт кешенінде өтеді. Әдеттегідей, еркін, грек-рим және әйелдер күресінің әр қайсысында он салмақ дәрежесінде медальдер сарапқа салынады. Биылғы турнирге Ресей және беларусь балуандары шектеусіз қатысады деген ақпарат бар. Ұйымдастырушылар әлем біріншілігіне 135 елден 900-ден аса балуан қатысады деп жоспарлап отыр.

Әу баста 2026 жылғы әлем чемпионатын Бахрейн астанасы Манамада өтеді деп жоспарланған. Бірақ 2026 жылғы 22 мамырда Біріккен әлем күресі ұйымы (UWW) жарысты Астанаға ауыстырды. Бұған Таяу Шығыстағы геосаяси жағдайлар әсер етті.

Қазақстан әлем чемпионатын алғаш рет қабылдағалы отырған жоқ. Бұған дейін 2019 жылы Астанада ересектер арасындағы әлем біріншілігі өткен. Балуандарымыз өз жерімізде өткен турнирде де медальден тау тұрғыза алған жоқ. Небәрі 7 жүлде (3 күміс, 4 қола) алып, жалпыкомандалық есепте 14-орынға жайғасқан. Айтпақшы, күрестен Қазақстан құрамасы биыл қыркүйекте Жапонияда өткен Азия ойындарынан да алтын медальсіз (1 күміс, 6 қола) қайтқан болатын.

Қуаныш ҚАППАС

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Тегтер: Күрес
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз