спорт

Үш үміткер: кім бірінші чемпион болады?

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлының (17-0, 12 KO) жаңа салмақтағы алғашқы жекпе-жегі чемпиондық белбеу үшін өтетін болды.

Жәнібек Әлімханұлы

 Орта салмақта WBO және IBF нұсқалары бойынша әлем чемпионы атағына қол жеткізген Qazaq Style биыл шілдеде екінші орта (суперорта) салмаққа ауысқан.

Бүкіләлемдік бокс ұйымы (World Boxing Organization/WBO) 9 қазанда Жәнібек Әлімханұлы даниялық Якоб Банкпен супер орта салмақтағы чемпиондық белбеуді сарапқа салатынын растады. Бұл туралы WBO президенті Густаво Оливьери әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді.

 "WBO Жәнібек Әлімханұлы мен Якоб Банктің командаларынан 168 фунт салмақтағы вакантты әлем чемпионы атағы үшін жекпе-жек өткізу жөнінде келісімге келгендері туралы ресми жазбаша хабарлама алғанын қуана растайды. Қосымша мәлімет кейін жарияланады", – деп жазды Оливьери.

Титулды жекпе-жек нақты қашан және қайда өтетіні қазірше белгісіз. Бірақ кездесу 2026 жылы желтоқсанда немесе 2027 жылы қаңтар айында Копенгагенде өтуі мүмкін деген болжам бар. Жәнібек Әлімханұлы келесі жекпе-жегін Нью-Йоркте өткізгісі келетінін айтып жүрген. Бірақ Qazaq Style-дың ісін жүргізетін Top Rank промоутерлік компаниясы оған жекпе-жек кешін өткізіп беруге ынта танытпаған сияқты.

Жәнібектің қарсыласы Якоб Банк жеңіліп көрмеген боксшы. Кәсіпқой рекорды – (20-0, 11 КО). Даниялық боксшы өз салмағындағы WBO рейтингінде 3-орында тұр. Ал Жәнібек бірінші сатыға жайғасқан.

Екінші орта салмақтағы WBO чемпиондық белбеуі бұған дейін британиялық Хамза Ширазға тиесілі болатын. Жәнібек Әлімханұлы 168 фунтқа көтерілген соң ұйым оны қазаққа қарсы белбеуін қорғауға міндеттеген. Британ боксшысы әңгімені сағызша созып, бірнеше ай жүрді де соңында жекпе-жектен бас тартып, белбеуін босата салды. Сөйтіп, бос қалған белбеуге Әлімханұлы мен Банк таласқалы отыр.

Жәнібек жаңа салмаққа ауысарда орта салмақтағы WBO белбеуінен бас тартқан болатын. Сол кезде ұйым президенті Густаво Оливьери Әлімханұлы суперорта салмаққа ауысқан соң бұрынғы әлем чемпионы ретінде бірден міндетті үміткер мәртебесін алуы мүмкін екенін айтқан. Оливьери сөзінде тұрды. Қазақ боксшысын бірден чемпион Ширазға қарсы қойды. Британиялық басын ала қашқан соң тағы чемпиондық кездесу беріп отыр.

Бұл жекпе-жек оңай болмайтыны анық. Ең алдымен жаңа салмаққа бейімделуге тура келеді. Екіншіден, кездесу Дания жерінде өтеді. Жергілікті боксшыда белгілі деңгейде артықшылық болатыны анық. Жанкүйерлердің қолдауы бар, төрешілердің де бір бүйрегі сол жаққа тартып тұруы мүмкін.

Дегенмен сарапшылар Жәнібек бұл дивизионға жылдам бейімделеді деп сеніп отыр. Суперорта салмақтың шегі – 76,203 келі (168 фунт). Әлімханұлы әуесқой бокста жүргенде 75 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен. Сол салмақта жүріп, әлем чемпионы (2013 жыл), Азия чемпионы (2013 жыл) және Азия ойындарының жеңімпазы (2014 жылы) атанған. Әуесқой бокс пен кәсіпқой бокста айырмашылық бар екені рас, бірақ Qazaq Style үшін жаңа салмақтағы кедергіні еңсеру қиынға соға қоймас. Ең бастысы, титулды жекпе-жек белгіленіп, жаңа салмақта чемпион атануға жол ашылды. Ендігі міндет – осы мүмкіндікті сәтті пайдалану.

Адамеспен жекпе-жекке жол ашылды

Жәнібек Әлімханұлынан бөлек тағы екі боксшымыз чемпиондық белбеуге жақындап келеді. Атап айтқанда, орта салмақтағы Мейірім Нұрсұлтанов WBC нұсқасы бойынша қазіргі чемпионы Карлос Адамеспен кездесу өткізуі мүмкін. Ал Сұлтан екінші жартылай жеңіл салмақтағы Зауырбек Аустралияда маңызды жеңіске жетіп, IBF тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағына міндетті үміткер болуға мүмкіндік алды.

Бірақ Мейірім мен Сұлтанның жекпе-жегі әлі нақтылана қойған жоқ. WBC ұйымы 24 қыркүйекте орта салмақтағы әлем чемпионы Карлос Адамес пен Мейірім Нұрсұлтановтың командаларына келіссөз бастауды тапсырған. Тараптарға келісімге келу үшін 20 қазанға дейін уақыт берілген. Егер осы мерзімге дейін ортақ шешім қабылданбаса, жекпе-жекті ұйымдастыру құқығын анықтау үшін промоутерлік сауда өтеді.

Адамес – Доминикан Республикасының өкілі, орта салмақтағы WBC чемпионы. Оның кәсіпқой рекорды – 25 жеңіс, бір жеңіліс және бір тең нәтиже. Ол 18 жекпе-жекті нокаутпен аяқтаған. Нұрсұлтановтың есебінде 20 жеңіс бар, соның 11-і мерзімінен бұрын аяқталған. Қазақстандық боксшы әлі жеңіліп көрген жоқ.

Негізі Нұрсұлтанов 19 қыркүйекте америкалық Хесус Рамоспен кездесіп, WBC тұжырымы бойынша уақытша чемпиондық белбеуді сарапқа салуы қажет еді. Бірақ жекпе-жек қарсаңында Рамос сырқаттанып, ауруханаға түсіп қалды да, кездесу өтпей қалды. Осыдан кейін WBC Мейірімге уақытша чемпиондық белбеу үшін басқа қарсылас іздемей, бірден негізгі чемпион Адамеспен кездесуге мүмкіндік берді. Ұйымның шешімі бойынша, қазақстандық боксшы орта салмақтағы міндетті үміткер мәртебесін алды.

Нұрсұлтанов көптен бері шаршы алаңға шыққан жоқ, ол бұған дейін 2023 жылы қарашада чилилік Хулио Аламосты жеңіп, үміткерлік жолдағы маңызды нәтижеге қол жеткізген болатын.

Жанкүйер қауым Мейірім мен Адамес арасындағы келіссөздің нәтижесін асыға күтіп жүр. Егер қос тарап ортақ мәмілеге келсе, Нұрсұлтановтың әлем чемпионы атағы үшін жұдырықтасатын күні мен орны белгілі болады. Сарапшылар Адамес кездесуден бас тартып, белбеуді босатуы мүмкін деген болжам жасап отыр. Доминикандық белбеуді босатса, WBC  Нұрсұлтановқа чемпиондық жекпе-жек үшін басқа қарсылас тауып беруі мүмкін.

Аустралиядағы жеңіс чемпиондыққа жақындатты

Сұлтан Зауырбек (21-0, 13 КО) 26 қыркүйекте Аустралияның Квинсленд аймағында жергілікті боксшы Джексон Инглэндпен (19-4, 10 КО) жұдырықтасты. Кездесу IBF тұжырымы бойынша екінші жартылай жеңіл салмақтағы міндетті үміткерді анықтауға арналған еді. Он екі раундқа созылған жекпе-жекте төрешілердің бірауызды шешімімен Зауырбек жеңіске жетті. Төртінші раундта ол қарсыласын нокдаунға түсірді. Осылайша, қазақстандық боксшы кәсіби мансабындағы 21-жеңісіне қол жеткізді.

Осы жеңістің арқасында Зауырбек өз салмағындағы әлем чемпионына міндетті қарсыласы атануға мүмкіндік алды. Өйткені IBF ресми сайтында Сұлтан мен Инглэнд арасындағы кездесуді бірінші нөмірлі үміткерді анықтайтын жекпе-жек ретінде көрсеткен болатын.

Осы жеңістен кейін 30 жастағы жерлесіміз екінші жартылай жеңіл салмақтағы IBF рейтингінде бірінші орынға шықты. Ол бұған дейін үшінші сатыда тұрған.

Бұл салмақтағы IBF титулы мексикалық Эмануэль Наварретеге (40-2-1, 33 КО) тиесілі. Сондай-ақ оның еншісінде WBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағы бар. Ол келесі кездесуін 24 қазан күні АҚШ-тың Сан-Антонио қаласындағы Frost Bank Center аренасында WBC чемпионы, америкалық О"Шаки Фостерге қарсы өткізеді.

Демек, Сұлтанға чемпиондық жекпе-жек оңай келмеуі мүмкін. Инглэндті жеңіп, өз міндетін орындағаны рас. Бірақ Наварретенің басқа жоспары бар. Ол алдымен белбеу біріктіретін кездесу өткізгелі отыр. 24 қазанда Фостерді жеңсе, абсолютты чемпион болу үшін WBA белбеуінің иегерімен кездесуге күш салуы мүмкін. Ал жеңілсе, Фостердің де өз жоспары табылары анық.

Бірақ біз үміт күтетін бір жайт бар. Халықаралық бокс федерациясы (IBF) – атағынан ат үркетін даңқты боксшылардың өзін "белбеуді уақытында қорғамадың" деп, титулынан айыратын "қатал" ұйым. Екіншіден, төрт ірі тұжырымның ішінде IBF-тің салмағы сәл жеңілдеу. Көп жағдайда боксшылар бұл ұйымның белбеуін оңай босата салады. Мысалы, кезінде отандасымыз Геннадий Головкин де, мексикалық Сауль Альварес те IBF титулынан бас тартқан.

Айтпақшы, былтыр Жәнібек Әлімханұлы допинг дауына ұшырағанда WBO жылы қабақ танытып, салыстырмалы түрде жеңіл жаза тағайындады. Ал IBF белдігін тартып алды. Демек, ұйым Сұлтанды белбеуге шынымен үміткер ретінде бекітсе, чемпион жекпе-жектен ұзақ уақыт бас тарта алмауы мүмкін.

Сонымен, үш бірдей боксшымыз чемпиондық атаққа жақындап келеді. Жәнібектің титулды жекпе-жегі ресми расталса, Мейірім міндетті үміткер ретінде бекітілді. Қарсыласы да белгілі, келіссөз жүріп жатыр. Келіссөз нәтижесі 20 қазанда белгілі болады. Ал Сұлтанның жолы сәл алыс. Ол алдымен қазіргі чемпионның келесі кездесуі қалай өтетінін күтеді, одан кейін қарсыластары қалай құбылатыны тағы белгісіз.

Ең бастысы, үш боксшымыз да титулға бастайтын тура жолға түсті. Егер бәрі ойдағыдай болса, алдағы айларда Жәнібек Әлімханұлы, Мейірім Нұрсұлтанов және Сұлтан Зауырбек Қазақстанға әлем чемпионы атануы мүмкін.

Айта кетейік, дәл қазір қазақ боксшыларының ешбірінде әлем чемпионы атағы жоқ. Бірақ бұған дейін Қазақстан атынан 5 спортшы кәсіпқой бокста әлем чемпионы болған. Олар төрт ірі тұжырымының (WBC, WBA, IBF, WBO) кем дегенде біреуін жеңіп алған. Олар – Василий Жиров (38-3-1, 34 KO), Бейбіт Шүменов (18-2, 12 KO), Жанат Жақиянов (27-2, 18 KO), Геннадий Головкин (42-2-1, 37 KO), Жәнібек Әлімханұлы (17-0-0, 12 КО). Сондай-ақ Марат Мәзімбаев IBA белбеуіне (2005 жыл), Данияр Елеусінов IBO титулына (2021 жыл) қол жеткізген.

Василий Жиров – қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы. IBF (5 маусым 1999 жыл – 26 сәуір 2003) тұжырымы бойынша әлем чемпионы, WBC тұжырымы бойынша халықаралық чемпион атанды.

Бейбіт Шүменов – екі салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атанған жалғыз қазақ. WBA тұжырымы бойынша жартылай ауыр салмақта (29 қаңтар 2010 жыл – 14 желтоқсан 2013 жыл), WBA тұжырымы бойынша бірінші ауыр салмақта (21 мамыр 2016 жыл – 31 мамыр 2019 жыл) әлем чемпионы болған.

Жанат Жақиянов – WBA тұжырымы бойынша жеңілдеу салмақтағы әлем чемпионы (7 қараша 2015 жыл – 21 қазан 2017 жыл).

Геннадий Головкин – қазақтан шыққан ең даңқты кәсіпқой боксшы. WBA (14 тамыз 2010 – 15 қыркүйек 2018), IBF (17 қазан 2015 – 15 қыркүйек 2018; 5 қазан 2019 – 2022 жыл), WBC (18 мамыр 2016 – 15 қыркүйек 2018), сондай-ақ IBO (9 желтоқсан 2011 – 15 қыркүйек 2018; 5 қазан 2019 – 2022 жыл) тұжырымы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы.

Жәнібек Әлімханұлы – WBO (27 тамыз 2022 – 20 шілде 2026), IBF (14 қазан 2023 – 5 наурыз 2026) тұжырымдары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы.

Қуаныш ҚАППАС

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз