спорт

Қазақстан Азиада-2026: Ұлттық құрама жалпы есепте 8-орын алды

Қазақстан құрамасы Жапонияда өткен XX жазғы Азия ойындарындағы жарысын аяқтады.

Азиада

 Ұлттық құрама қоржынына 12 алтын, 24 күміс және 48 қола медаль салып, жалпыкомандалық есепте сегізінші орынға тұрақтады. Қазақстан спортшылары барлығы 84 жүлде иеленді.

Аичи–Нагояда өткен 2026 жылғы Азия ойындары Қазақстан құрамасы үшін 84 медальмен қорытындыланды. Оның ішінде 12-сі – алтын, 24-і – күміс, 48-і – қола. Осы көрсеткішпен Қазақстан 46 ел қатысқан құрлық додасының жалпыкомандалық есебінде сегізінші орын алды. 

Жалпы медаль саны бойынша Қазақстан Азиядағы үздік құрамалардың қатарынан көрінді. Алайда командалардың қорытынды орны бірінші кезекте алтын медаль санына қарай анықталатындықтан, 12 алтын иеленген Қазақстан сегізінші сатыға орналасты.

Медаль кестесінің көшін Қытай бастады. Қытай спортшылары 169 алтын медаль жеңіп алып, жалпы есепте бірінші орынға шықты. Одан кейін Жапония мен Оңтүстік Корея орналасты. 

Қазақстанға алтын әкелген спортшылар

Қазақстанның 12 алтын жүлдесі бірнеше спорт түрінен келді. Ел қоржынына Рината Сұлтанова велоспорттан алтын салса, Алексей Луценко екі мәрте Азия ойындарының чемпионы атанды.

Каратэден Жоламан Биғабыл мен Софья Берульцева жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. ММА жарыстарында Еркінғали Бүркіталин мен Қадырбек Шынбаев чемпион атанды.

Академиялық ескек есуде Владислав Яковлев пен Иван Чернухин алтын жүлдеге қол жеткізді. Қазақстанның ерлер құрамасы семсерлесудің командалық шпага бәсекесінде Азия ойындарының чемпионы болды. 

Қазақстандық боксшылар да ел қоржынына екі алтын қосты. Төрехан Сабырхан 70 келі салмақта, ал Айбек Оралбай аса ауыр салмақта чемпион атанды. Таеквондодан Тамирлан Тілеулес те алтын медаль иеленді. 

Осылайша, велоспорт Қазақстанның ең нәтижелі бағыттарының біріне айналды: Луценконың екі алтынын және Сұлтанованың жеңісін қосқанда, бұл спорт түрінен үш чемпиондық нәтиже тіркелді. 

Соңғы күні де Қазақстан жүлдесіз қалған жоқ

Қазақстан құрамасының қоржыны жарыстың шешуші кезеңдерінде де толықты.

Дзюдодан аралас командалық жарыста Қазақстан финалға дейін жетіп, күміс медаль жеңіп алды. Финалда қазақстандықтар жарыс қожайыны Жапония құрамасымен кездесіп, 0:4 есебімен жол берді. 

Еркін күрестен Нұрқожа Қайпанов 74 келіге дейінгі салмақта қола медаль иеленді. Үшінші орын үшін белдесуде ол Үндістан өкілі Сагар Джагланды 5:0 есебімен жеңді. 

Бүгін, 4 қазанда ат спорты бойынша медалдар сарапқа салынады.

Тегтер: Азиада-2026
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз