Әлеумет

Әділетхан Молдахан сотта кінәсін толық мойындады

Алматы қаласының Алмалы аудандық сотында заңгер әрі блогер Әділетхан Молдаханға қатысты қылмыстық іс бойынша сот процесі басталды. Сот отырысында айыпталушы өзіне тағылған айыпты толық мойындайтынын мәлімдеді.

Әділетхан Молдахан

Әділетхан Молдаханға Қылмыстық кодекстің 274-бабы – «Көрінеу жалған ақпарат тарату» бойынша айып тағылып отыр. Істі судья Ерлан Қасымбек қарауда, мемлекеттік айыптаушы – прокурор Ұлжан Әбдірманова.

Іс бойынша жәбірленушілер ретінде Алматы қалалық полиция департаменті басшысының бұрынғы орынбасары Ержан Ұзабаев пен әкімшілік полиция басқармасының бұрынғы басшысы Серік Шұмаев танылған.

Сот барысында қорғаушылар тараптардың медиациялық және процессуалдық келісімге келу мүмкіндігін қарастыру үшін істі кейінге қалдыру туралы өтініш білдірді. Сондай-ақ айыпталушыны үйқамаққа шығару мәселесі көтерілді.

Алайда судья кеңесу бөлмесінен оралғаннан кейін үйқамаққа ауыстыру туралы өтінішті қанағаттандырудан бас тартты. Ал процессуалдық келісім жасау туралы өтініш прокуратураның қарауына жолданды. Медиация мәселесі әзірге ашық күйінде қалды.

Жәбірленуші Ержан Ұзабаевтың өкілі, адвокат Асылбек Әбдіраимов сотқа 10 миллион теңге көлемінде моральдық шығын және 1 миллион теңге сот шығындарын өндіру туралы азаматтық талап арыз бергенін мәлімдеді.

Оның айтуынша, айыпталушы кінәсін толық мойындағандықтан, іс қысқартылған тәртіппен қаралуы мүмкін. Мұндай жағдайда куәлардан жауап алынбайды және дәлелдемелерді зерттеу көлемі қысқарады. Бұл мәселе келесі сот отырысында қаралады.

Адвокаттың сөзінше, егер Молдаханның кінәсі дәлелденсе, оған 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы немесе 3000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынуы мүмкін.

Сот аяқталғаннан кейін Әділетхан Молдахан мен оның қорғаушылары журналистерге пікір беруден бас тартты.

Еске салайық, Әділетхан Молдахан Әл-Фараби даңғылында болған резонансты жол-көлік оқиғасына байланысты әлеуметтік желілерде мәлімдемелер жасаған еді. Ол апатқа ықпалды тұлғалардың балалары қатысы болуы мүмкін екенін және заңсыз түнгі жарыстарға құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қатысы бар деген болжам айтқан.

Осы мәлімдемелерден кейін Алматы қалалық полиция департаменті блогерге қатысты қылмыстық іс қозғап, наурыз айының соңында оны уақытша ұстау изоляторына қамаған болатын.

Келесі сот отырысы 16 маусымға белгіленді.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз