Әлеумет

Қазақстанда сталкинг үшін жазаны күшейтіп, спайкингке жеке бап енгізу ұсынылды

"Әділет" партиясының фракциясы Ішкі істер министрі Ержан Сапарбекұлына сталкинг пен спайкингке қатысты депутаттық сауал жолдады.

сталкинг

Депутат Айжан Аймағанова азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін осы әрекеттердің алдын алу және жәбірленушілерді қорғау тетіктерін жетілдіру қажет екенін айтты.

Депутаттың мәліметінше, 2025 жылы сталкинг үшін қылмыстық жауаптылық енгізілгенімен, құқық қолдану тәжірибесі заңнаманы одан әрі жетілдіру қажеттігін көрсетіп отыр. Ішкі істер министрлігінің дерегіне сәйкес, 2026 жылғы 19 қарашаға дейін сталкинг бойынша 570 қылмыстық іс тіркеліп, оның 193-і сотқа жолданған.

Қолданыстағы заңнамада бұл әрекет үшін 50 тәулікке дейін қамаққа алу жазасы қарастырылған. Алайда қудалау бірнеше айға созылып, аңду, қорқыту, психологиялық қысым көрсету және әлеуметтік желілер арқылы мазалау түрінде жалғасуы мүмкін. Әсіресе полиция араласқаннан кейін де қудалау тоқтамаса, жәбірленушінің қауіпсіздігіне төнетін қауіп арта түседі.

Аймағанова бұл мәселені қоғам өкілдері де көтеріп отырғанын атап өтті. Биыл 8 қыркүйекте сталкинг үшін жауаптылықты күшейту және жәбірленушілерді қорғау жөнінде петиция жарияланған. Депутаттың пікірінше, тек жазаны күшейту жеткіліксіз, қудалаудың алдын алу мен оны тоқтатудың тиімді тетіктері қажет.

Сауалда көтерілген екінші мәселе – спайкинг. Бұл – адамның келісімінсіз оның сусынына, тамағына немесе басқа жолмен қауіпті заттарды жасырын енгізу. Мұндай әрекет адамның өзін қорғау және қарсылық көрсету қабілетінен айырып, жыныстық зорлық-зомбылық, тонау сияқты қылмыстарға жол ашуы мүмкін.

Депутаттың айтуынша, қазір спайкинг салдарынан туындаған жекелеген зардаптар үшін жауаптылық көзделгенімен, адамның келісімінсіз қауіпті зат енгізу әрекетінің өзіне дербес құқықтық баға беру мәселесі толық реттелмеген. Оның пайымдауынша, мұндай әрекет қылмыстық жауаптылыққа негіз болуы үшін міндетті түрде ауыр зардап туындауын немесе басқа қылмыс жасалуын күтудің қажеті жоқ.

Осыған байланысты Айжан Аймағанова Ішкі істер министрлігінен сталкингке қатысты Қылмыстық кодекстің 115-1-бабын қолдану тәжірибесін, соның ішінде жүйелі қудалау деректерін тіркеу мен тергеуден бас тарту себептерін талдауды сұрады. Сондай-ақ әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі қудалау фактілеріне полицияның әрекет етуінің бірыңғай тәртібін енгізуді ұсынды.

Ал спайкинг бойынша криминология мамандарымен бірлесіп, оның таралу ауқымы мен себептерін зерттеу, жедел анықтау, токсикологиялық сараптама жүргізу және дәлелдемелерді сақтау алгоритмін әзірлеу қажет екенін айтты. Бұған қоса, зардап шеккендерге уақытылы көмек көрсету үшін полиция мен денсаулық сақтау ұйымдарының өзара іс-қимылын жолға қоюды сұрады.

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Сайт Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз