Қадыровтың ұлы тегін өзгертіп, Сербия азаматтығын алған
Қадыровтың ұлы тегін өзгертіп, Сербия азаматтығын алған
Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровтың 19 жастағы ұлы Әли тегін Мұсаев деп өзгертіп, Сербия азаматтығын алған. Бұл туралы 24 қарашада Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қоры (ФБК) мен "Агентство. Новости" Telegram-арнасы хабарлады.
Олардың мәліметінше, 2025 жылғы 1 қаңтарда Грозный қаласының азаматтық хал актілерін тіркеу жөніндегі орталық бөлімі Әли Қадыровтың тегін өзгертуді рәсімдеген. Ал сол жылдың 10 шілдесінде оған Сербия азаматтығы берілген.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қорының зерттеуіне сәйкес, Қадыровтың ұлы Мұсаев деген текпен шетелге 100-ден астам рет ұшқан. Ол негізінен Дубайға барған, соның ішінде жеке ұшақтарды да пайдаланған.
Атап айтқанда, сапарларының бірқатарында Қадыровтар отбасы 2025 жылдың тамызында еуропалық иесінен сатып алған Bombardier Global 6000 бизнес-джеті пайдаланылған. Ұшақтың борттық нөмірі – RA73604.
"Агентство. Новости" басылымының мәліметінше, Қадыровтар отбасының басқа мүшелері де шетелге сапарлау кезінде Мұсаев тегін пайдаланады.
Сербия Путиннің айналасындағы ондаған адамға азаматтық берген
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қорының зерттеуінше, Сербия Ресей президенті Владимир Путиннің айналасындағы ондаған адамға, соның ішінде жоғары лауазымды шенеуніктердің туыстары мен қорғаныс өнеркәсібі кәсіпорындарының иелеріне азаматтық берген.
Қор Сербия билігінен Әли Қадыровтың паспортын жарамсыз деп тануды және осыған ұқсас өзге де жағдайларды тексеруді талап етті.
Қазір қор өкілдері Сербия мен Еуропалық одақ билігіне ресми өтініш жолдауға дайындалып жатыр.