Әлеумет

Өзбекстан Ташкент ауасының ластануына Қазақстаннан келген шаңды кінәлады

Өзбекстан Ташкент ауасының ластануына Қазақстаннан келген шаңды кінәлады

Ташкент

Өзбекстанда Ташкент қаласындағы ауа сапасының нашарлау себептерінің бірі ретінде Қазақстан аумағынан келген шаң аталды.

 Мұндай мәлімдемені Өзбекстанның гидрометеорология қызметі (Өзгидромет) жасады. Алайда әлеуметтік желі қолданушылары ведомствоның тұжырымына күмән келтіріп, жергілікті ауаны ластаушы көздерге назар аударуға шақырды.

Өзбекстанның Kun.uz басылымының хабарлауынша, Өзгидромет Қазақстан аумағынан ауа ағынымен келген трансшекаралық шаң Ташкент облысы мен ел астанасына жеткенін мәлімдеген.

Ведомствоның мәліметінше, 17-21 қараша аралығында шекара маңындағы «София» және Green University бақылау станцияларында PM2.5 және PM10 ұсақ дисперсті бөлшектерінің концентрациясы жоғарылаған. Алайда осы кезеңде Ташкенттің өзінде ауаны ластаушы заттар мөлшерінің айтарлықтай өсуі байқалмаған.

Өзгидромет ауа сапасының нашарлауын бірнеше себеппен түсіндірді. Олардың қатарында бес күн бойы жауын-шашынның болмауы, желдің әлсіз соғуы, ауа алмасуының жеткіліксіздігі және Қазақстаннан шаңның келуі бар.

Сонымен қатар ведомство автокөліктерден шығатын газдар, құрылыс алаңдары мен өнеркәсіп кәсіпорындарының да ауаның ластануына әсер ететінін мойындады.

Қазақстанның шаңы ма, әлде Ташкенттің өз мәселесі ме?

Өзгидрометтің мәлімдемесі әлеуметтік желіде қызу талқыланды.

Threads желісінің кейбір қолданушылары шаңның Қазақстаннан келгені туралы мәлімдемені мысқылмен қабылдады.

«Шаңның қайдан келгенін анықтап жатқанда, Ташкенттің өзіндегі құрылыс, көліктер мен зауыттардың мәселесімен кім айналысады?» – деп жазды желі қолданушылары.

Кейін Өзгидрометтің бастапқы жарияланымын өшіріп тастағаны белгілі болды.

Ауа сапасын бақылаумен айналысатын nebo.community парақшасының авторы да шаңның таралу бағытына күмән келтірді. Оның айтуынша, спутниктік бақылаулар мен жердегі датчиктердің мәліметтері ауа массаларының Өзбекстаннан Қазақстанға қарай қозғалғанын көрсеткен.

Осылайша, шаңның Қазақстаннан келгені туралы болжам даулы күйінде қалып отыр. Өзгидромет мұндай мәлімдеме жасағанымен, жарияланған деректер ауаны ластаушы бөлшектердің нақты қайдан келгенін тәуелсіз түрде анықтауға мүмкіндік бермейді.

Ташкенттің ауасы қаншалықты ластанған?

Өзгидрометтің мәліметінше, 22 қараша күні таңертең Ташкентте PM10 бөлшектерінің концентрациясы белгіленген 75 мкг/м³ нормаға қарағанда 134 мкг/м³-ге жеткен. Ал PM2.5 бөлшектерінің мөлшері 60 мкг/м³ нормаға қарағанда 68 мкг/м³ болған.

23 қарашадан 24 қарашаға қараған түні жағдай қайта нашарлаған. Ауа сапасының халықаралық AQI индексі денсаулыққа зиянды деңгейді көрсеткен. Мамандар мұны желдің әлсіз соғуымен, ауа температурасының төмендеуімен және атмосфераның жерге жақын қабатында ластаушы бөлшектердің жиналуымен байланыстырды.

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Тегтер: Ташкент
Сайт Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз