Таразда жалақы талап еткен жұмысшылар жұмыстан шығарылған
Таразда жалақы талап еткен жұмысшылар жұмыстан шығарылған
Таразда қант зауытының жүзге жуық жұмысшысы жалақысын талап етіп, ереуілге шыққаннан кейін жұмыстан шығарылғанын мәлімдеді.
Жұмысшылардың айтуынша, олар екі ай бойы жалақы алмаған. Ақшасын талап етіп, бір күндік ереуіл ұйымдастырған. Алайда келесі күні оларды зауыт аумағына кіргізбей, жұмыстан шығарғанын хабарлаған.
Жұмысшылар арасында дәнекерлеушілер, металл кесушілер мен арматурашылар бар. Олар қант зауытының цехтарын жаңғырту жұмыстарына тартылған мердігер мекемеде еңбек еткен.
Мердігер кәсіпкер Нұржігіт Сейтханов құжаттардағы қателер түзетіліп, қайта жіберілгенін мәлімдеген.
Ал Тараз қаласының Жібек жолы ауданының әкімі Қарлығаш Аралбекова жұмысшылардың жалақысы міндетті түрде төленетінін айтқан. Алайда олардың жұмысқа қайта қабылданатыны туралы нақты жауап бермеген.
Әзірге жұмысшыларды жұмыстан шығарудың заңдылығына қатысты еңбек инспекциясының қорытындысы белгісіз.