«Әділетсіздік формуласы». Жаңа Салық кодексі бай-бағландардың мүддесін қорғай ма?
Барлығымыз білетіндей, Үкімет өткен аптада жыл басынан бері күшіне енген жаңа Салық кодексінің алғашқы нәтижелерін жариялады.
Жаңа өзгерістер нақты секторды қолдау, салық жүктемесін әділ бөлу және мемлекеттік қаржының тиімділігін арттыруды көздейтіні бұған дейін де сөз болған. Сенім ақталды ма?
Бюджет «семіре» бастады...
Үкіметтің мәлімдеуінше, Қазақстандағы салық жүйесінің ауқымды реформасы алғашқы жемісін бере бастады. Мемлекеттік бюджеттің кірісі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 16 пайызға артып, трансферттерді есептемегендегі бюджет кірістері 8,5 трлн теңгеге жетіп, жоспар 100,6 пайызға асыра орындалған. Сондай-ақ ҚҚС төлеушілер саны 22,3 мыңға көбейіп, 158,2 мың субъектіге жеткен. Жаңа Салық кодексіне сәйкес корпоративтік табыс салығының (КТС) базалық мөлшерлемесі 20 пайыз деңгейінде сақталды. КТС банк секторына – 25 пайыз, ал аграрлық салаға жеңілдетілген 3 пайыз мөлшерлеме белгіленді. ҚҚС мөлшерлемесі 16 пайыз болып бекітілді. Сондай-ақ жеке табыс салығының (ЖТС) прогрессивті жүйесі енгізілді. Жаңа Салық кодексінде қарастырылған жеке табыс салығының 15 пайыздық мөлшерлемесі барлық азаматтарға емес, тек табысы өте жоғары қазақстандықтарға ғана қолданылады.
Үкіметтің түсіндіруінше, 15 пайыздық мөлшерлеме жылдық табыс 8 500 АЕК-тен асқан жағдайда ғана енгізіледі. 2026 жылы бұл 36,7 млн теңгеге, яғни айына шамамен 3,06 млн теңгеге тең. Егер азаматтың айлық табысы осы деңгейден төмен болса, бұрынғыдай 10 пайыз ЖТС төлейді. Егер азаматтың жылдық табысы 40 млн теңге болса, онда 36,7 млн теңгесіне 10 пайыз мөлшерлемемен, ал шектен асқан 3,3 млн теңгесіне 15 пайыз мөлшерлемемен салық салынады.
Үкімет бюджеттің бүйірі салықпен «семіре» бастағанын жариялап жатқанда, Мемлекеттік кірістер комитеті салық және кедендік қарызы барлардың тізімдерін жариялады. Тізімге 52 654 субъекті – жеке кәсіпкерлер, жеке тәжірибемен айналысатындар, заңды тұлғалар және олардың бөлімшелері кірген. Олардың белгіленген шектен асатын салық берешегі бар және олар пайда болғаннан кейін төрт ай ішінде өтелмеген. Салық берешегінің жалпы сомасы 1 трлн теңгеден асады. Бұған қоса, Мемлекеттік кіріс комитеті кедендік баждары, салықтар, арнайы, демпингке қарсы және өтемақы баждары, сондай-ақ айыппұлдар мен пайыздар бойынша берешегі бар 1 488 салық төлеушінің тізімін жария етті. Кедендік баждар, салықтар және айыппұлдар бойынша берешегінің жалпы сомасы 113 млрд теңгеден асқан.
Мұндай мәліметтерді саралаған сарапшылардың ойынша, Мемлекеттік кіріс комитеті жариялаған 1,1 трлн теңгеден астам жалпы салықтың төленбей келуі ел бюджетіне төмендегідей төрт үлкен қауіп төндіреді:
Біріншіден, әрине, ол – бюджет дефициті. 1,1 трлн теңге жиналмаса, мемлекет жоспарлаған әлеуметтік бағдарламаларын, инфрақұрылымдық жобаларын толық қаржыландыра алмайды. Бюджеттік міндеттемелерді жабу үшін Үкімет тағы да Ұлттық қордан трансферт алуға немесе сырттан қарыз алуға мәжбүр болады.
Екіншісі, фискалдық саясаттың тиімсіздігі және жаңа Салық кодексіне сенімсіздік пайда болады. Жаңа Салық кодексі енгізілгенімен, 52 мыңнан астам субъектінің 4 ай бойы салық төлемеуі – жаңа реформаның әкімшілендіру тетіктерінде әлі де шикілік бар екенін көрсетеді. Бұл заңға бағынып, салықты уақытылы төлеп отырған адал бизнес үшін теңсіздік тудырып, көлеңкелі экономиканың қайта ұлғаюына әкелуі мүмкін.
Үшіншісі – бизнестің жаппай банкроттық алдында тұруы. Қарызы бар 52 654 субъектінің басым бөлігі бұл соманы өтей алмаса, олардың есепшоттары бұғатталады. Бұл елдегі іскерлік белсенділіктің төмендеуіне, кәсіпорындардың жабылуына және жаппай жұмыссыздыққа соқтырады. Ал жұмыссыздықтың артуы – бюджетке түсетін Жеке табыс салығының одан әрі азаюы деген сөз.
Төртіншісі – сыртқы сауда және импорттық тәуекелдер. Кедендік баждар мен салықтар бойынша 113 млрд теңге берешектің жиналуы сыртқы экономикалық қызметтің тұралап қалғанын білдіреді. Кедендік қарыздардың дер кезінде өтелмеуі шекара арқылы өтетін тауар айналымын баяулатып, ішкі нарықтағы импорттық өнімдердің тапшылығына немесе бағаның қымбаттауына, яғни инфляцияға әкеледі.
«Сондықтан да әзірге Үкімет «ел бюджеті толықты» деп мақтануға асықпауы керек», – дейді экономист Әсем ҚАСЫМХАНОВА.
«Атқарушы билік президенттің тапсырмасын орындай алмады»
Экономист-ғалым Сапарбай ЖОБАЕВ та осы пікірді қуаттайды. Маманның сөзінше, бұл жүйелі проблемалардың барлығын президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы алғашқы Жолдауынан бері үздіксіз көтеріп келеді. Алайда атқарушы билік 2019-2025 жылдар аралығында пәрменді нәтиже көрсете алмады. Әлеуметтік әл-ауқатты арттыру, цифрландыруды тереңдету, жалпыға бірдей декларациялауды енгізу және экономиканы әртараптандыру секілді стратегиялық міндеттер көбіне құрғақ уәде мен есеп беру форматында ғана қалды.

«Осындай жүйесіздіктің салдарынан 2024 жылы ел қазынасы үлкен қаржылық дағдарысқа тірелді. Бюджет шығындары 21 трлн теңгеге жеткенде, салықтық түсімдер бар-жоғы 12 трлн теңгені ғана болды. Пайда болған 9 трлн теңгелік орасан зор бюджет тапшылығын жабу үшін, Үкімет оның 6 трлн теңгесін Ұлттық қордан трансферт ретінде алуға мәжбүр болды», – деді ғалым.
Әрине, осыған байланысты мемлекет қазынасының кіріс бөлігін еселеу Үкімет үшін өміршең мәселеге айналды. Себебі 2029 жылға қарай президент бекіткен екі ауқымды меже бар. Оның бірі – Ұлттық қордың активтерін 100 млрд долларға жеткізу, екіншісі – ЖІӨ-нің номиналды көлемін 450 млрд долларға дейін өсіру. Дәл осы жаһандық мақсаттарды орындау және экономиканы тұйықтан шығару үшін де Үкімет жаңа Салық кодексін шұғыл түрде тәжірибеге енгізуге мәжбүр болды.
«Енді осы реформа құрғақ уәде, әдемі сөздердің форматында қалмауы тиіс», – деді экономист Сапарбай Жобаев.
Бастапқы мақсат орындалды ма?
Экономист-ғалымның айтуынша, жаңа Салық кодексіне енудегі бастапқы мақсат мүлдем басқа еді. Алғашында Үкімет олигархтар мен ірі монополистердің корпоративтік табыс салығын Норвегия үлгісімен 30-35 пайызға дейін көтеруді көздеген болатын. Алайда ірі капитал иелерінің лоббиі бұл бастамаға тосқауыл қойды. Нәтижесінде, тек банк секторы үшін КТС 25 пайызға көтеріліп, шикізат алпауыттары мен кейбір ірі компаниялардың салығы сол баяғы 20 пайыз деңгейінде қалды. «Бұл – олигархтардың өздерінің аса жоғары пайдасын мемлекетпен және халықпен бөліскісі келмейтінінің айқын көрінісі», – деді маман.

Олигархиялық топтардың қысымы тек корпоративтік салықпен шектелмеді; бай-манаптардың жеке табыс салығын арттыру жоспары да толық жүзеге аспай, сиырқұйымшақтанып барады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылдан бері табысы жоғары азаматтар үшін ЖТС мөлшерлемесін 20-25 пайызға дейін өсіруді талап етсе де, атқарушы билік бұл жолы да пәрменсіздік танытты.
«Реформаның нәтижесінде бекітілген 15 пайыздық ЖТС мөлшерлемесі тек айына 3 млн теңгеден астам жалақы алатындарға ғана қолданылатын болды. Ресми статистикаға сүйенсек, Қазақстанда мұндай жоғары жалақы алатын небәрі 26 мың адам ғана бар. Елдегі жалпы салық төлеуші 11 млн азаматқа шаққанда, бұл көрсеткіш бар-жоғы 0,2 пайыз ғана. Бұдан аңғаратынымыз, шенеуніктердің қалтасы қағылмайды. Айына 1,5-2,5 млн теңге көлемінде жоғары табыс табатын жоғары лауазымды шенеуніктер мен ірі компания менеджерлері бұрынғыша 10 пайыздық салықпен құтылады. Елдегі ең төменгі жалақыға күнелтіп жүрген еден жуушы мен мейірбике де өз табысының 10 пайызын мемлекетке береді, айына 2,5 млн теңге алатын министр немесе топ-менеджер де 10 пайыз төлейді. Мұны әділетті деп айта алмаймыз. Сондықтан алдағы уақытта Үкімет бастапқы мақсатына, діттеген ойына жетуді ойластырғаны жөн», – дейді экономист-ғалым.
Маманның пайымдауынша, салық жүйесінің мұндай құрылымы әлеуметтік әділдікке де, экономикалық логикаға да мүлдем қайшы. Ірі компаниялар КТС-ты толық көлемде төлемесе, ал ауқатты элита мен шенеуніктерге ЖТС-ті өсірмесе, бұл реформаның ұзақ мерзімді перспективада бюджетке берер тиімділігі шамалы. Шын мәнінде әділетті әрі сауатты реформа жасау үшін Үкімет халықтың емес, ең алдымен ірі бизнес алпауыттарының КТС-ын және миллиондаған табысы бар шенеуніктер мен байлардың жеке салығын батыл түрде өсіруі керек еді. Сондықтан қазіргі нұсқа – жүйелі өзгеріс емес, ірі капиталмен жасалған кезекті компромистік әрекетке көбірек ұқсайды.
Сөйтіп, олигархтар мен бай шенеуніктер үлкен салықтан аман қалғанымен, Қосылған құн салығының (ҚҚС) 12 пайыздан 16 пайызға өсуі бүкіл салмақты халықтың иығына артты. ҚҚС – жанама салық. Дүкенге барған кез келген қарапайым қазақстандық нан, сүт, киім немесе тұрмыстық техника сатып алғанда автоматты түрде 16 пайыз салық төлейді. Яғни олигархтар КТС-ты 35 пайызға өсірткізбей, өз мүдделерін қорғап қалды, ал оның орнын Үкімет ҚҚС-ты өсіру арқылы қарапайым халықтың қалтасынан толтырып жатыр.
«Осылайша, Үкімет жаңа кодексті енгізіп, «салықты көбейттік» деп мақтанғанымен, салықты жинау механизмі әлі де қауқарсыз. Мемлекеттік кірістер комитеті көрсетіп отырғандай, қазірдің өзінде 52 мыңнан астам субъект 1 трлн теңгеден астам салықты төлемей, 4 ай бойы тығылып отыр. Кеденде 113 млрд теңге төленбеген қарыз жатыр», – дейді мамандар.
Жалпы, сала мамандарының сөзінше, нағыз әділетті реформа болуы үшін Үкімет халықтың емес, ең алдымен ірі бизнес алпауыттарының КТС-ін және миллиондаған табысы бар шенеуніктер мен байлардың жеке салығын батыл түрде 25-30 пайызға өсіруі керек. Олай етпесе, жаңа жүйе байлардың мүддесін қорғап, ауыртпалықты бұқараға жүктейтін әділетсіздік формуласына ұқсап барады.
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ